Ақтөбеде банктің топ-менеджері алаяқтардың тұзағына ілініп, сан соғып қалды

18:01, 6 қаңтар 2026

© Сурет: pixabay

Ақтөбе қаласының 28 жастағы тұрғыны, банктердің бірінде аға менеджер болып жұмыс істейтін азамат интернет-алаяқтардың құрбаны болды. Ер адам жаңажылдық шырша сатып алу мақсатында әлеуметтік желілердің біріндегі хабарландыруға сенім артқан, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ол сатушымен жеке хат алмасу арқылы сатып алу және жеткізу шарттарын талқылаған. Хат алмасу барысында алаяқ сатып алушыны толық алдын ала төлем жасауға көндірген. Сатушыға сенім артқан ақтөбелік азамат көрсетілген шотқа 67 мың теңге аударған. Ақшаны алғаннан кейін "сатушы" байланысқа шықпай, хабарландыру жойылған. Уәде етілген шырша жеткізілмеген.

"Аталған дерек бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде. Алаяқтыққа қатысы бар тұлғалар анықталуда. Полиция департаменті интернет пен әлеуметтік желілер арқылы сатып алу кезінде сақтық шараларын сақтау қажеттігін еске салады. Бейтаныс тұлғаларға алдын ала төлем жасамау, сатушының аккаунтының шынайылығын, пікірлердің болуын және ресми деректемелерін тексеру маңызды. Күмәнді ұсыныстар немесе алаяқтық белгілері анықталған жағдайда дереу полицияға хабарласу қажет". Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

Бұған дейін Астанада да тура осындай жағдай орын алған. Ол кезде әйел адам алаяқтардың тұзағына ілінген.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!