Полиция қызметкерлері демі тарылып, қиналған 11 айлық нәрестені ауруханаға жедел жеткізді

15:29, 30 желтоқсан 2024

© Фото: primeminister.kz

Түркістан облысында полиция қызметкерлері демі тарылып, қиналған 11 айлық нәрестені ауруханаға жедел жеткізді.

Түркістан облысында ерлі-зайыптылардың 11 айлық нәрестесі кенеттен ауа жетпей мазасыздана бастаған. Үйінде еңбектеп жүрген сәтте денсаулығы күрт нашарлаған нәрестені ата-анасы дереу ауруханаға жеткізбек болады.

Алайда жолда баланың жағдайы ушыға түскен соң, әкесі қатты уайымдап, жан-жақтан көмек іздейді. Сол сәтте жол бойында патрульдік қызмет атқарып жүрген полицейлерді байқап, көмекке жүгінеді.

Әкесі баласын дер кезінде ауруханаға жеткізе алмай қаламын ба деген қорқынышын айтып, полицейлерден қолдау сұрайды.

Тәртіп сақшылары бірден әрекетке көшіп, нәресте мен анасын қызметтік көлікке отырғызып, маяктарын қосқан күйі Түркістан қалалық балалар ауруханасына шұғыл жеткізді.

Нәрестенің анасының айтуынша, баласы үйде еңбектеп жүргенде кенеттен тыныс алуы қиындап, мазасыздана бастаған. Мұндай жағдайда уақытты жоғалтпау үшін олар бірден ауруханаға бет алған.

Орта жолда жағдай қиындай түскесін, полицейлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. Бүгінгі таңда дәрігерлердің бақылауындағы сәбидің өміріне ешқандай қауіп жоқ.

Ата-анасы баласының өмірін сақтап қалуға септігін тигізген тәртіп сақшыларының шұғыл әрекетіне және адамгершілік қолдауына шексіз алғыстарын білдірді. Белгілі болғандай, дер кезінде көмек көрсеткен Түркістан қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Азиз Алиев пен Ұлысбек Сартаев екені анықталды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!