Петропавлда полицейлер өртеніп жатқан үйден 63 жастағы ер адамды аман-есен алып шықты

18:54, 26 қазан 2026
MKZ: 1574426

© Сурет: polisia.kz

24 қазанда сағат 22:30 шамасында Петропавл қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Қуаныш Сүлейменов пен оның орынбасары Жомарт Тасбаев өрттен 63 жастағы ер адамды құтқарды, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР ІІМ баспасөз қзыметінің хабарлауынша, полицейлер патрульден қалаға қайтып келе жатқанда, Новопавловка маңындағы саяжайлардың бірінен өрт шыққанын байқайды. Олар дереу жедел басқару орталығына хабар беріп, өрт сөндіру қызметін шақырған соң оқиға орнына бет алады. 10-шы линия көшесіндегі саяжайлардың бірін жалын шарпыған.

Көршілер үй ішінде адам болуы мүмкін екенін айтқан. Өрттің қатты өршуіне байланысты үйге қақпа жақтан жақындау мүмкін болмаған. Сондықтан полицейлер көрші учаскенің қоршауынан асып өтіп, жанып жатқан үйге жеткен. Саяжай иесі үйден шығып үлгергенімен, жалын шарпыған құрылыстан шамамен бір метр жерде жатқан. Қатты ыстық пен шатыр шиферінің жарылуы оған жақындауды қиындатқан. Соған қарамастан, Қуаныш Сүлейменов пен Жомарт Тасбаев қауіпке қарамай, ер адамды көтеріп алып, қауіпсіз жерге шығарды. Одан кейін жедел жәрдем шақырды.

Патрульдік көлікте 63 жастағы ер адам есін жия бастаған. Оның мас күйде болғаны байқалды. Ол не болғанын толық түсінбей, аяқ киімі мен телефонын әкелуді сұраған. Біраз уақыттан кейін ғана өз өміріне төнген қауіпті түсінген. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жалынды сөндірді.

Бұл жолы полицейлердің ерлігі туралы саяжай қауымдастығының төрайымы WhatsApp чатында алғыс білдіргеннен кейін белгілі болды. Оқиға куәгерлері мен құтқарылған ер адамның көршілері полицейлерге жедел әрекеті мен адам өмірін сақтап қалғаны үшін алғыс айтты.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!