Астанадағы мамандандырылған ХҚКО-да қылмыстық топ құрылған: мемлекеттік корпорация түсініктеме берді
© Фото: gov4c.kz
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ жүргізуші куәліктерін заңсыз беру төңірегіндегі дауға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
2026 жылғы 23 қазанда Астана қаласының прокуратурасы жүргізуші куәліктерін заңсыз берумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа (ҰҚТ) қатысты қылмыстық істің тергелуі аяқталғанын хабарлады. Қылмыстық топтың құрамында мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері мен азаматтарға ақылы түрде көмектескен делдалдар болған.
Топ мүшелері өзара міндеттерді бөлісіп алған. Делдалдар ғимараттың жанында тұрып, емтихан тапсырушыларға теориялық сұрақтардың дұрыс жауаптарын айтып отырған. Ал орталық қызметкерлері практикалық емтиханның тапсырылғаны туралы ақпараттық базаға көрінеу жалған мәліметтер енгізген.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы аталған жағдайға қатысты түсініктеме беріп, заңсыз әрекеттерді өздері анықтап, құқық қорғау органдарына хабарлағанын мәлімдеді. Соның негізінде қылмыстық істер қозғалған.
"Тергеу барысында мемлекеттік корпорация барлық қажетті көмекті көрсетті. Аталған заңбұзушылықтар мемлекеттік қызмет көрсету процестерінің жекелеген кезеңдерінде осал тұстар болған бұрынғы жылдарға тиесілі екенін атап өтеміз. Кейінгі жылдары мемлекеттік корпорация бұл кемшіліктерді жою бағытында жүйелі жұмыс жүргізді. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі жетілдіріліп, ішкі бақылау күшейтілді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған шаралар қабылданды", – деп мәлімдеді мемлекеттік корпорация өкілдері 2026 жылғы 25 қазанда Zakon.kz тілшісіне.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы анықталған заңбұзушылықтар саны азайып келе жатқанын атап өтті.
"Мәселен, 2026 жылдың 10 айында мемлекеттік корпорация қызметінің барлық бағыты бойынша 1055 заңбұзушылық анықталды. Ал 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 2602 болған. Осылайша, заңбұзушылықтар саны 59,5%-ға азайды", – деп хабарлады корпорация өкілдері.
Мемлекеттік корпорация сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанатынын және мемлекеттік қызмет көрсету процестерін жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
Бұған дейін, 2026 жылғы 6 қазанда, жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында мемлекеттік қызметтердің онлайн форматқа көшірілуіне байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) алдағы тағдыры туралы айтып берген болатын.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
10:17, 26 қазан 2026
Мемлекет басшысы Республика күніне орай құттықтау жолдаған шет мемлекеттердің басшыларына алғыс айтты
-
10:16, 26 қазан 2026
Ақтөбеде TikTok-та тікелей эфир кезінде балағат сөз айтқан тұрғын бес тәулікке қамалды
-
10:08, 26 қазан 2026
Қазақстанда үш орман өрті әуеден анықталды
-
10:00, 26 қазан 2026
Қасым-Жомарт Тоқаев Аустрия халқын Ұлттық күнімен құттықтады
-
09:57, 26 қазан 2026
Екі жылға жуық уақытқа созылған наразылықтар: Вучич сайлауда жеңілгенін мойындады





