Бейжіңде тоғызқұмалақтан турнир өтті: қазақстандық жасөспірім жеңімпаз атанды

09:41, 26 қазан 2026
MKZ: 1574350

© Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығында қазақтың ұлттық зияткерлік ойыны – тоғызқұмалақтан шеберлік сабағы мен турнир өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Республика күніне орай ұйымдастырылған іс-шара "Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат" деп аталды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, оған дипломаттар, қытайлық және қазақстандық студенттер, білім беру және өнер салаларының өкілдері, сондай-ақ Бейжің тұрғындары қатысты.

"Іс-шараны Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы елшілігінің қолдауымен Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығы, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы және Қазақстан Республикасының Тоғызқұмалақ спорты федерациясы ұйымдастырды", – делінген хабарламада.

Турнирге 32 ойыншы, оның ішінде екі қазақстандық қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша 13 жастағы қазақстандық жасөспірім бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші және үшінші орындарды Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетінің қытайлық студенттері иеленді. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.

Сонымен қатар іс-шара аясында Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығы мен Қазақстан Республикасының Тоғызқұмалақ спорты федерациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат Қытайда тоғызқұмалақ ойынын кеңінен насихаттауды, сондай-ақ бірлескен мәдени, білім беру және спорттық іс-шаралар өткізуді көздейді.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарын ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтаған болатын. Мемлекет басшысы бұл мерекенің айрықша маңызға ие екенін, оның сан ғасырлық қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруын білдіретінін атап өтті. Сондай-ақ шет мемлекеттердің басшылары Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!