Павлодарлық орманшылар ашыққан аң-құсты өздері тамақтандыруда

09:53, 9 қаңтар 2026

© Фото: Zakon.kz

Павлодар облысында орманшылар аң-құсты қолдан азықтандырып жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Хабар" телеарнасының ақпарына сүйенсек, қыста ашыққан жабайы жануарлардың ауылдарға кіріп кететін кездері болады. Бұл адамға да, аңға да қауіпті. Орманды қорғау қызметі биотехникалық жұмыс жүргізіп, азықтандыру орындарын дайындады.

"Бұл республикалық маңызы бар тасжолдың бойында орналасқан орманшылық шаруашылығы. Мұндағы елік саны шамамен сексенге жуықтаған. Орманшылар күн сайын оларды бақылайды және де мына науаларды шөпке толтырып отырады",- делінген репортажда.

Еліктер бұл жерге әбден үйренген. Әдетте ымырт түсе орманнан шығатын дала еркесі күндіз де топ-тобымен еркін жүреді. Себебі ерекше қорғалатын аумақта аң аулауға қатаң тыйым салынған. Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекеменің қарамағына алты орманшылық кіреді. Биотехникалық жұмыстарды 72 орманшы-инспектор атқарады.

Жүргізілген соңғы есептерге сәйкес, алты орманшылық аумағында елік саны мыңнан асқан. Биыл Тереңкөл және Железин аудандарына көршілес Ресей аумағынан Сібір еліктері ауып келді. Жабайы жануарларды қорғау шаралары жыл бойы жүргізіледі.

Бұған дейін Астанада ер адамның бөтелкемен жылы аялдаманың әйнегін сындырғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!