Мемлекеттік мүлікті басқару және жалға беру ережелері өзгерді
© Фото: freepik
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2026 жылғы 24 тамыздағы бұйрығымен мемлекеттік мүлікті басқару және жалға беру қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Атап айтқанда, нысанды сенімгерлік басқаруға беру туралы шешімді құрылтайшы қабылдайтыны нақтыланды. Құрылтайшы шешім қабылданған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде ол туралы мәліметтерді сенімгерлік басқару шарттары жөніндегі цифрлық деректер базасына енгізеді.
Шарттың қолданылу мерзімі сенімгерлік басқарушы шарт талаптарын тиісінше орындаған жағдайда ұзартылуы мүмкін.
Сенімгерлік басқарушы шарттың аяқталуына кемінде 10 жұмыс күні қалғанда құрылтайшыға шарт мерзімін ұзарту ниеті туралы жазбаша өтініш береді. Оған мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару бойынша шарттың бүкіл кезеңіндегі қызмет туралы есеп қоса тіркеледі.
Шарт мерзімі негізгі шартқа қосымша келісім жасау арқылы ұзартылады. Қосымша келісім жаңа мерзімге жасалады, бірақ ол негізгі шарттың мерзімінен аспауға тиіс.
Шартты ұзарту туралы қосымша келісім тізілімнің веб-порталында цифрлық форматта жасалып, шарт мерзімі аяқталғанға дейін құрылтайшы, баланс ұстаушы немесе басқару органы және сенімгерлік басқарушы тарапынан ЭЦҚ арқылы қол қойылады.
Мемлекеттік мүлікті жалға беру шарттары да нақтыланды
Мемлекеттік мүліктің мүліктік жалдау (жалға алу) үлгілік шартында жалға берушінің талабы бойынша шарт бұзылып, нысан баланс ұстаушыға қайтарылуы мүмкін жағдайлар нақтыланды.
Оларға мыналар жатады:
- жалға алушы жалға берушінің мұндай әрекеттерді тоқтату туралы жазбаша ескертуіне қарамастан, нысанды шарт талаптарын елеулі түрде бұза отырып пайдаланса;
- нысанды мақсатсыз пайдаланса;
- нысанды қасақана немесе абайсызда елеулі түрде бүлдірсе;
- шартта белгіленген төлем мерзімі өткеннен кейін жалдау ақысын қатарынан екі рет төлемесе;
- шартта белгіленген мерзімде, ал шартта мерзім көрсетілмесе, ақылға қонымды мерзімде күрделі жөндеу жүргізбесе. Бұл міндет заңға немесе шартқа сәйкес жалға алушыға жүктелген жағдайда, жалға беруші шартты мерзімінен бұрын бұзуды талап етпес бұрын жалға алушыға міндеттемесін ақылға қонымды мерзімде орындауға мүмкіндік беруге тиіс;
- жалға алушының жазбаша келісімімен оған басқа нысан берілсе;
- жалға беруші нысанды алып қою туралы шешім қабылдаса;
- баланс ұстаушы жалға берушінің атына шартты бұзудың себептерін көрсете отырып, жазбаша өтініш берсе.
Жалға алушы шартты қашан мерзімінен бұрын бұза алады?
Жалға алушының талабы бойынша шарт мынадай жағдайларда мерзімінен бұрын бұзылуы мүмкін:
- баланс ұстаушы нысанды пайдалануға бермесе немесе шарт талаптарына не нысанның мақсатына сәйкес пайдалануға кедергі келтірсе;
- баланс ұстаушы шартта белгіленген мерзімде, ал мерзім көрсетілмесе, ақылға қонымды мерзімде өзіне жүктелген нысанды күрделі жөндеу міндетін орындамаса;
- жалға алушыға берілген нысанда оны пайдалануға кедергі келтіретін, шарт жасалған кезде жалға беруші айтпаған, жалға алушыға алдын ала белгісіз болған және нысанды қарау немесе оның жарамдылығын тексеру кезінде анықталмаған кемшіліктер болса;
- жалға алушы жауап бермейтін жағдайларға байланысты нысан пайдалануға жарамсыз күйге түссе.
Егер жалға алушы өз қаражаты есебінен, баланс ұстаушының келісімімен және мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органдардың) жазбаша рұқсатымен нысаннан ажырату мүмкін емес жақсартулар жүргізсе, шарт тоқтатылғаннан кейін осы жақсартулардың құнын баланс ұстаушыдан өтеуді талап етуге құқылы. Егер Қазақстан заңдарында өзгеше көзделмесе, бұл ереже қолданылады.
Ал нысанға жасалған және одан ажыратуға болатын жақсартулар жалға алушының меншігі болып саналады.
Жалға беруші мен баланс ұстаушының келісімінсіз жасалған ажыратылмайтын жақсартулардың құны, егер Қазақстан заңдарында өзгеше көзделмесе, өтелмейді.
Форс-мажор жағдайлары туралы хабарлау тәртібі
Тараптардың бірі еңсерілмейтін күш жағдайлары туындаған кезде бұл туралы екінші тарапқа 30 күнтізбелік күн ішінде хабарлауға тиіс.
Хабарлама мына тәсілдердің бірі арқылы жіберіледі:
- алынғаны туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен;
- телефонограмма немесе жеделхат арқылы;
- "цифрлық үкімет" веб-порталындағы пайдаланушы кабинетіне жіберу арқылы;
- "цифрлық үкімет" веб-порталында тіркелген ұялы телефон нөміріне қысқа мәтіндік хабарлама жіберу арқылы;
- ұялы телефон нөміріне мәтіндік хабарлама немесе электрондық пошта арқылы.
Жалға беруші немесе жалға алушы шартта көрсеткен тұрғылықты мекенжайы, орналасқан жері, жұмыс орны, ұялы телефон нөмірі және электрондық пошта мекенжайының дұрыс екенін өз қолымен растайды. Осы байланыс деректеріне жіберілген хабарлама тиісті әрі жеткілікті хабарлама болып есептеледі.
Қағидаларға басқа да өзгерістер енгізілді.
Бұйрық 2026 жылғы 29 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
16:56, 31 тамыз 2026
Өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттарды жасасу ережелері жаңартылды
-
16:51, 31 тамыз 2026
Биыл Қазақстанда қанша бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды
-
16:44, 31 тамыз 2026
Ескі көліктерге тыйым салына ма: Алматыдағы жаңа талаптың мән-жайы түсіндірілді
-
16:40, 31 тамыз 2026
Миллиондар тігілген: Ақмола облысында мемлекеттік қызметшілер құмар ойын үшін жазаланды
-
16:34, 31 тамыз 2026
Қызығушылықтың соңы полицияда аяқталды: екі жігіт бомбапанаға кірмек болған





