Өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттарды жасасу ережелері жаңартылды

16:56, 31 тамыз 2026
MKZ: 1564427

© Фото: pexels

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 25 тамыздағы бұйрығымен өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттарды жоспарлау және жасасу, сондай-ақ олардың орындалуын мониторингтеу қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атап айтқанда, қағидалар жаңадан жазылды.

Енді өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттар ірі тапсырыс беруші мен осындай шарт жасасуға мүдделі өңдеу өнеркәсібі кәсіпорны арасында жасалады.

Уәкілетті орган жыл сайын 10 желтоқсанға дейін ірі тапсырыс берушілерден сатып алу жоспарларын (бағдарламаларын, тауарлар тізбесін) алады.

Сатып алу жоспарларында (бағдарламаларында, тауарлар тізбесінде) сатып алу жоспарланып отырған тауарлардың тізімі көрсетіледі. Бұған Қазақстан аумағында сатып алынатын және қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген кәсіпорындар өндіретін тауарлар, сондай-ақ кепілдік міндеттемелері қолданылатын шетелдік тауарлар кірмейді.

Уәкілетті орган ел ішіндегі құндылықты дамыту саласындағы ұлттық даму институтын тарта отырып, 30 күнтізбелік күн ішінде ірі тапсырыс берушілердің сатып алу жоспарларын (бағдарламаларын, тауарлар тізбесін) осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген ерекшеліктерге сәйкестігі тұрғысынан қарайды.

Ірі тапсырыс берушілер уәкілетті органның хабарламасын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өздерінің сатып алу жоспарларына (бағдарламаларына, тауарлар тізбесіне) өзгерістер енгізіп, оларды қайтадан уәкілетті органға жолдайды.

Бұл ретте ірі тапсырыс берушілердің сатып алу жоспарларын (бағдарламаларын, тауарлар тізбесін) уәкілетті органның келісу мерзімі он жұмыс күнін құрайды.

Сатып алуға жоспарланған тауарлардың келісілген тізімі 1 ақпанға дейін тізілімде орналастырылады.

Ірі тапсырыс беруші тауарлар тізімін жариялап, ол тізілімде орналастырылғаннан кейін өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттар жасасуға мүдделі өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарынан өтінімдер қабылданады. Өтінімдер тауарлар тізімі жарияланған күннен бастап 30 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде берілуі тиіс.

Офтейк-келісімшарттарға өтінім беру

Офтейк-келісімшарттар бойынша өтінімге мына құжаттар қоса беріледі:

  • өңдеу өнеркәсібі кәсіпорны қызмет көрсететін банк немесе банк филиалы берген, кәсіпорынның банк алдындағы міндеттемелері бойынша мерзімі өткен берешегінің жоқ екенін растайтын анықтаманың электрондық көшірмесі. Егер кәсіпорын бірнеше екінші деңгейдегі банкке, олардың филиалдарына немесе шетелдік банкке клиент болса, әр банктен жеке анықтама ұсынылады. Анықтама өтінім берілген күнге дейінгі бір айдан ерте берілмеуі тиіс;
  • тиісті салық органының берешектің жоқтығы туралы анықтамасының электрондық көшірмесі. Бұл ретте ҚР Салық кодексіне сәйкес төлем мерзімі кейінге қалдырылған жағдайлар немесе берешек мөлшері бір теңгеден аз болған жағдайлар есепке алынбайды. Анықтама өтінім берілген күнге дейінгі бір айдан ерте берілмеуі тиіс;
  • ҚР резиденті емес кәсіпорынның банкрот деп танылуына байланысты қызметі тоқтатылмағанын растайтын уәкілетті тұлға берген құжаттың электрондық көшірмесі;
  • тауарлардың функционалдық, техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамалары көрсетілген техникалық ерекшеліктің электрондық көшірмесі.

Егер тауарлардың техникалық сипаттамаларын нақтылау қажет болса, өңдеу өнеркәсібі кәсіпорны тізілім арқылы тауарларға қатысты сұрауды өтінім қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 10 жұмыс күні бұрын жібереді. Ірі тапсырыс беруші бұл сұрауға үш жұмыс күні ішінде жауап береді.

Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі кәсіпорны тауарды тапсырыс берушінің белгіленген жеріне дейін жеткізуге байланысты барлық шығындарды қамтитын баға ұсынысын ұсынады. Бұл ретте ҚҚС есепке алынбайды.

Заңды тұлғалар ұсынатын құжаттар

Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорны заңды тұлға болған жағдайда мына құжаттарды ұсынады:

  • "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" заңның 7-бабына сәйкес бекітілген жарғының электрондық көшірмесі;
  • құрылтай құжаттарында құрылтайшылар (қатысушылар) немесе олардың құрамы туралы мәліметтер болмаған жағдайда, осы мәліметтер көрсетілген құрылтай құжаттарынан үзіндінің электрондық көшірмесі;
  • конкурс өтінімдері ашылатын күнге дейінгі бір айдан ерте берілмеген акцияларды ұстаушылар тізілімінен үзіндінің электрондық көшірмесі (акционерлік қоғамдар үшін);
  • заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің немесе анықтаманың электрондық көшірмесі.

Кепілдендірілген сатып алу шарттары

Кепілдендірілген сатып алу шарттары бойынша өтінімге қосымша мына құжаттар тіркеледі:

  • "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заңға сәйкес берілген рұқсаттың немесе хабарлама жіберілгенін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі (рұқсат беру немесе хабарлама тәртібі енгізілген тауарлар сатып алынған жағдайда);
  • қазақстандық тауар өндірушілер тізімінен үзінді.
  • Өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарт жасасуға мүдделі заңды тұлға болып табылатын өңдеу өнеркәсібі кәсіпорны жоғарыда көрсетілген құжаттарды ұсынады.
  • ҚР резиденті емес кәсіпорындар осы тармақта көрсетілген ақпаратқа ұқсас мәліметтер қамтылған және резидент емес кәсіпорын тіркелген мемлекетте белгіленген тәртіппен алынған құжаттардың электрондық көшірмелерін ұсынады.

Егер өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарт жасасуға мүдделі және қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген өңдеу өнеркәсібі кәсіпорны тауар өндірушінің өзі болмаса, сатып алынатын тауарды өндіруші компаниядан берілген құжат ұсынылады. Онда аталған кәсіпорынның компанияның ресми сауда өкілі екені, өндіруші зауытпен бірдей толық кепілдік міндеттемелерін мойнына алатыны және өндірушімен сауда-делдалдық қатынаста екені көрсетілуі тиіс.

Шарттарды жасасу мерзімі

Ірі тапсырыс берушілер өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының өтінімдерін қарап, өтінім беру мерзімі аяқталған күннен бастап 30 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде офтейк-келісімшарттар немесе кепілдендірілген сатып алу шарттарын жасайды.

Өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарт жасалғаннан кейін ірі тапсырыс беруші тауар жеткізілгенге дейін өңдеу өнеркәсібі кәсіпорны шығарған өнімнің тәжірибелік-өнеркәсіптік партиясына зертханалық немесе өндірістік сынақтар жүргізеді.

Қандай жағдайда өтінім қабылданбайды?

Ірі тапсырыс беруші өңдеу өнеркәсібі кәсіпорнының өтінімін мына жағдайларда қабылдамайды:

  • қажетті құжаттар ұсынылмаса;
  • кәсіпорын соңғы екі жыл ішінде бұрын жасалған шарттар бойынша міндеттемелерін орындамаса немесе тиісінше орындамаса;
  • өнімді жеткізу мерзімі сатып алу жоспарында белгіленген рұқсат етілген мерзімнен асып кетсе;
  • ұсынылған баға ірі тапсырыс берушінің сатып алу жоспарында көрсетілген өнімді сатып алуға бөлген қаражатынан жоғары болса;
  • салық органының анықтамасында бір теңге немесе одан көп берешек көрсетілсе, төлем мерзімі ҚР Салық кодексіне сәйкес кейінге қалдырылған жағдайларды қоспағанда;
  • банк анықтамасында әлеуетті өңдеу өнеркәсібі кәсіпорнының міндеттемелерінің кемінде бір түрі бойынша мерзімі өткен берешегі көрсетілсе;
  • кәсіпорын сот шешімімен банкрот деп танылса;
  • кәсіпорын ұсынған техникалық ерекшелік тапсырыс берушінің талаптарына сәйкес келмесе;
  • жалған ақпарат ұсынылғаны анықталса;
  • кәсіпорын терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізіміне енгізілсе;
  • кәсіпорынның атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері болып, Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілсе;
  • кәсіпорын Салық кодексіне сәйкес әрекетсіз болып танылса;
  • оның тіркеуі заңды күшіне енген сот актісі негізінде жарамсыз деп танылса;
  • заңды күшіне енген сот актісі негізінде жалған кәсіпорын деп танылса;
  • салықтық тексеру нәтижесінде тіркеу деректерінде көрсетілген мекенжайда кәсіпорынның жоқ екені анықталса;
  • кәсіпорын Салық кодексінің талаптарын бұза отырып қайта ұйымдастырылса;
  • Салық кодексіне сәйкес жүргізілген санаттау нәтижесінде кәсіпорынның қызметі жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылса.

Ірі тапсырыс беруші Салық кодексіне сәйкес уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған ақпаратты басшылыққа алады.

Бұйрық 2026 жылғы 8 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!