Қытайлық инвесторлар Қазақстанда су смарт-технологиялары зауытын ашады

09:11, 15 желтоқсан 2025

© Фото: senate.parlam.kz

Қытай Халық Республикасынан келген инвесторлар Тараз қаласында су ресурстары мен суару жүйелерін басқаруға арналған смарт-технологиялар өндіретін зауыт ашады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Су ресурстары және ирригация министрлігі мен қытайлық компаниялар консорциумы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа министр Нұржан Нұржігітов пен Yellow River Engineering Consulting Co. Ltd компаниясының директоры әрі бас экономисі Ин Дэвэнь қол қойды.

"Кәсіпорын цифрлық шешімдер өндіруге маманданады. Олардың қатарында су ресурстарын бөлуді бақылау және басқаруға арналған автоматтандырылған жүйелер, су деңгейі мен сапасын өлшейтін датчиктер, суару желілерін басқаруға арналған бағдарламалық-аппараттық кешендер, сондай-ақ су тасқыны мен төтенше жағдайларды ерте анықтау жүйелері бар", – деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігі.

Зауыттың іске қосылуы:

  • Қытайда қолданылып жүрген озық технологияларды жергілікті жерде енгізуге;
  • су шаруашылығы саласында заманауи стандарттарды енгізіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
"Кәсіпорын "өндіріс – білім – ғылым" қағидаты негізінде жұмыс істейтін интеграцияланған орталықтың бір бөлігі болады деп күтілуде. Мұнда жабдық шығарумен қатар, мамандар даярлау, кадрлардың біліктілігін арттыру және цифрлық шешімдерді еліміздің климаттық әрі гидрологиялық жағдайына бейімдеу жұмыстары жүргізіледі", – делінген хабарламада.

Жобаны іске асыру суару жүйелерінің тиімділігін арттыруға, су шығынын азайтуға және Қазақстанның су қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.

"Біз бірнеше бағыт бойынша бірлесіп жұмыс істеу жөнінде келістік. Ең алдымен, бұл – суару жүйелерін автоматтандыру мен цифрландыруды міндетті түрде енгізе отырып қайта жаңғырту. Екіншісі – кадр даярлау. Соңғы екі жылда қытайлық кәсіпорындармен белсенді ынтымақтастық орнаттық. Мәселен, биыл су шаруашылығы саласының 125 маманы Power China компаниясының қаражаты есебінен Қытайда біліктілігін арттыру курстарынан өтті", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

12 желтоқсанда Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Қызылағаш су қоймасының толық қалпына келтіріліп, жүктемелік сынақтардан және мемлекеттік сараптамадан сәтті өткенін хабарлады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!