Атырауда қатты жел тұрып, үйлер, көліктер бүлінді, жарық жаппай сөніп қалды

12:57, 14 желтоқсан 2025

© Фото: zakon.kz

2025 жылғы 14 желтоқсанда Атырау қаласы мен облыста қатты екпінді жел тұрып, салдарынан жарық сөнді, сондай-ақ тұрғын үйлердің, әкімшілік ғимараттардың шатыры мен сыртқы жабындысы және бірнеше көлік бүлінді, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Атырау-Жарық" ЖШС баспасөз қызметінің хабарлауынша, Береке ықшам ауданы, Қара өзен ауданы, Береке ауылының саяжай аймағы, сондай-ақ қала маңындағы Алмалы ауылының жекелеген көшелері жарықсыз қалды.

Бұған желдің қатты екпініне байланысты электр сымдарының үзілуі түрткі болды.

"Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-көшпелі бригадалар жұмыс істеп жатыр. Бүлінуді жою үшін арнайы техника, оның ішінде гидравликалық көтергіштер тартылған. Кернеуі 0,4 кВ желілер бойынша қала және елдімекендерден 40-қа жуық өтініш келіп түсті, олардың барлығы қаралып жатыр. Жекелеген кейбір жағдайларда электрмен жабдықтауды қалпына келтіру 15 минутты қана алады, ал басқаларында одан да көп", деп хабарлады коммуналдық қызметтер Zakon.kz сайтына.

Сонымен қатар, Атырау облысы ТЖД бастығының орынбасары Қымбат Көпбаеваның мәліметінше, Атырау қаласында, сондай-ақ Құрманғазы, Махамбет және Мақат аудандарында екпіні 24 м/с болатын желдің салдарынан 10 нысанда, оның ішінде жеті әкімшілік ғимаратта, екі көппәтерлі тұрғын үйде және бір тұрғын үйде шатырды жұлып кету жағдайы трікелді.

Бүлінген нысандардың қатарында мектептер, емханалар, ауылдық клуб, перинаталдық орталық және тұрғын үйлер де бар. Сондай-ақ, ғимараттың қасбетінің құлауы салдарынан үш автобус зақымданды. Тағы бір жағдайда жұлынып кеткен үй шатыры тұрақтағы көлік үстіне құлады. Бақытымызға орай, зардап шеккендер жоқ.

Сонымен қатар, облыс полициясы қарлы боран, қатты жел және көктайғаққа байланысты бірқатар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында көлік қозғалысы уақытша шектелгенін хабарлады. Қазіргі уақытта Атырау – Орал, Атырау – Ақтөбе, сондай-ақ Атырау – Доссор-Бейнеу автожолдары жабық.

"Қазгидрометтің" 14 желтоқсандағы дауылды ескертуіне сәйкес, Атырауда қар жауып, көктайғақ болады, бұрқасын жүреді деп күтіледі. Батыстан, солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с, кей тұста 23-28 м/с дейін жетеді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!