Қазақтың батыр қызы М.Мәметованың 95 жылдығы Ресейде атап өтілді

22:01, 20 қазан 2017

Осы күндері Ресейдің Псков облысында Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың 95 жылдығын арқау еткен ауқымды шаралар өтуде. Аты аңызға айналған пулеметші қыз 1943 жылдың қазанында майдандастарымен бірге Невель қаласын азат ету ұрыстарында ерлікпен қаза тапты. Бүгінде ашық аспан астында өмір сүрген шаһар тұрғындары батыр қыздың ерлігін  ұмытпақ емес.

Невель қаласындағы өнер мектебінің оқушысы Анна Бутман Мәншүк Мәметованы үлгі тұтады. 14 жастағы дарынды қыз «Біздің Мәншүк» атты халықаралық додада батырдың ерлігін жырға қосты. 

Анна Бутман, өнер мектебінің оқушысы:

-Мәншүк Мәметованың нәзік қыз болса да, өр мінезділігіне тәнтімін. Мұндай қасиет кез-келген ер адамның бойынан табыла бермейді. 20 жасында ерлік жасаған қазақ қызы мен үшін үлгі.

Павлодарлық патриоттық-іздестіру жасақтары ресейлік әріптестермен бірге батырлар жолын зерттемек. Псковтағы кездесуде осындай шешім қабылданды. Алдағы уақытта қос елдің жастары қазақ батырлары қаза болған жерлермен жүріп өтпек.

Иван Малахов, іздестіру жасағының сарбазы:

-Невельді босату жолында шейіт болған Әбілқайыр Баймолдин, Ыбырайым Сүлейменов, Мәншүк Мәметовадай батырларымыздың ерлігі біз үшін зор мақтаныш. Оларды Қазақстанның ғана емес, Ресейдің батыр ұл-қыздары деп білеміз. Бұл жастар үшін аса маңызды.

Ақмарал Есімханова, тілші:

-Дәл осы жерде 1943 жылдың қазанында кескілескен шайқас болған. Бұл биіктікте қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова ерлікпен қаза тапты. Бүгін, араға 74 жыл салып, осы жерден сол соғыс заманында қолданыста болған осындай темір сымдар мен айналадан окоп іздерін көруге болады.

Мәншүк Мәметова соғыстың алғашқы жылдары әскер қатарына сұранып, 21- атқыштар дивизиясында ұрыстарға қатысты. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста пулеметтен оқ боратып, ерлік көрсеткен қыз осы жерде опат болды. Мұнда Отан үшін жандарын пида еткен жауынгелердің есімдері тасқа қашалып жазылған.

Михаил Ясутич, іздестіру жасағы командирінің орынбасары:

- 20 жасқа толар-толмас қан-майданға аттану - ерлік. Мәншүктей мыңдаған жауынгеріміз ұрысқа қорықпай барды. Біз үшін, бейбіт өмір үшін өмірлерін пида етті. Олардың ерлігін ұмытуға қақымыз жоқ.

Аслан Азербаев, С.Торайғыров атындағы ПМУ тарих кафедрасының аға оқытушысы:

-Жерлесім Әбілқайыр Баймолдин, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және көптеген батырларымыз бар. Олар үлгі болады. Олардың ерлігі, олардың батырлығы тәрбие үрдісінде ең маңызды орын алады.

Невель қаласының орталығындағы әскери зиратта Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова, аты аңызға айналған Әбілқайыр Баймолдин мен мерген Ыбырайым Сүлеуменовтың сүйегі жатыр. Батырлардың рухына тағзым етуге келгендердің ішінде павлодарлық іздестіру жасағының мүшелері, ресейлік қазақ ұлттық-мәдени орталықтарының белсенділері болды.

Алексей Тарчевский, №4 орта мектептің 8-сынып оқушысы:

-Қазақ туын қолыма алып, сап түзеу – үлкен мақтаныш, мен үшін маңызды. Себебі бүгін Мәншүк Мәметованың туғанына 95 жыл. Ол біздің қаламызды немістен азат етіп, бейбіт өмір сыйлады.

Гүлжан Көпбаева Алматыдан арнайы келді. Жас әртіс Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Елдің ерлігі» деректі фильмінде Мәншүк Мәметованың рөлін сомдаған. Батырдың өмірін үлгі етіп, образын сомдау - арнманым еді, орындалды,-дейді актриса.

Гүлжан Көпбаева, артист:

-Мәншүк  Мәметованың ролі маған өте қиын келді. Көп дайындалдым, көп репетиция өтті. Таңғы сағат бестен кешкі онға дейін. Мәншүк Мәметованы оайнау мен үшін мақтаныш.

Псков облысында Мәншүк Мәметованың ерлігін білмейтін адам жоқ, сірә. Арада 70 жыл өтсе де, жас ұрпақ батырдың ерлігін ұмытпайды, ұмытуға қақысы да жоқ. 

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!