Қазақстаннан мұнай өнімдерінің кейбір түрлерін экспорттауға рұқсат беру ұсынылды

09:26, 20 қараша 2026
MKZ: 1578760

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Энергетика министрінің мұнай өнімдерін елден әкетуге қойылған тыйымға өзгеріс енгізуді көздейтін бұйрығының жобасы әзірленді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жобаға сәйкес, мұнай битумын, нафтаны, пеш және кеме отынын Қазақстаннан Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге әкетуге рұқсат беру ұсынылып отыр. Сондай-ақ нафтаны Қазақстаннан теміржол көлігімен әкетуге қойылған тыйымды алып тастау көзделген.

Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, бұйрық қабылданса, аталған мұнай өнімдерін экспорттауға жол ашылады. Бұл сақтау резервуарларында өнімнің шамадан тыс жиналуына жол бермей, өндірістің үздіксіз жүруіне және мұнай өңдеу кәсіпорындарының тұрақты жүктемемен жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланды. Қоғамдық талқылау 7 желтоқсанға дейін жалғасады.

Бұған дейін Қазақстан бензин мен мұнай өнімдерін әкетуге қойылған тыйымды алты айға ұзартқаны хабарланған еді. Тыйым 2026 жылғы 22 қарашадан 2027 жылғы 22 мамырға дейін қолданылады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!