Қазақстандағы жылыну қарқыны әлемдік көрсеткіштен жоғары – «Қазгидромет»

16:37, 8 шілде 2026

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

"Қазгидромет" РМК синоптиктері еліміздегі климаттың өзгеруі мен жылыну қарқынына қатысты есепті жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Метеорологтардың айтуынша, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (WMO) ұсынымдарына сәйкес климаттың өзгеруі, әдетте, 30 жылдық бақылау деректері негізінде бағаланады.

Мамандардың түсіндіруінше, мұндай тәсіл ұзақ мерзімді климаттық үрдістерді анықтауға және оларды жыл сайынғы табиғи ауытқулардан ажыратуға мүмкіндік береді.

"Қазгидрометтің" көпжылдық бақылау деректеріне сәйкес, Қазақстан аумағында ауа температурасының тұрақты өсу үрдісі байқалады.

"1976 жылдан бері елімізде орташа жылдық ауа температурасы әр он жыл сайын шамамен 0,4°С-қа артып келеді. Бұл Қазақстандағы жылыну қарқынының әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары екенін көрсетеді. Температураның ең жоғары өсімі көктем мезгілінде байқалады. Бұл кезеңде жылыну қарқыны әр он жыл сайын шамамен 0,7°С, ал кейбір өңірлерде 0,9°С-қа дейін жетеді", – делінген "Қазгидрометтің" 2026 жылғы 8 шілдеде жариялаған хабарламасында.

Соңғы жылдар бұл үрдістің сақталып отырғанын растайды.

Мәселен, 2025 жыл Қазақстан аумағында метеорологиялық аспаптармен бақылау жүргізіле бастағаннан бергі ең жылы жыл болды.

Орташа жылдық ауа температурасының климаттық нормадан ауытқуы +2,9°С-ты құрады. Сонымен қатар бақылау тарихындағы ең жылы он жылдың тоғызы XXI ғасырға тиесілі.

Бұған дейін синоптиктер Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы +45°С-қа дейін жететін аптап ыстық күтілетінін хабарлаған болатын. Елдің батысы мен солтүстік-батысында ғана нөсер жаңбыр жауады деп болжанып отыр.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!