Қазақстанда шетелдіктерге қатысты көші-қон бақылауы мен есепке алу қағидалары жаңартылды
© Фото: polisia.kz
Үкіметтің 2026 жылғы 10 қазандағы қаулысымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтетін, сондай-ақ Қазақстанға кіруіне тыйым салынған адамдарды есепке алу және көші-қон бақылауын жүзеге асыру қағидалары жаңа редакцияда бекітілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қағидалар мына мәселелерді реттейді:
- көші-қон бақылауын жүзеге асыру тәртібін;
- Қазақстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтетін, ел аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстанға кіруіне тыйым салынған адамдарды есепке алу тәртібін.
Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ Қазақстанның лауазымды тұлғалары мен азаматтарының осы Қағидалар талаптарын сақтауын ішкі істер органдары ұлттық қауіпсіздік органдарымен бірлесіп бақылайды.
Қазақстанда шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың болу тәртібіне қатысты көші-қон бақылауын ішкі істер органдары жүзеге асырады.
Иммигранттар уақытша тұратын жері бойынша ішкі істер органдарында есепке алынады. Бұл ретте ақпарат "Бүркіт" бірыңғай цифрлық жүйесі ("Бүркіт" БЦЖ), оның визалық-көші-қон порталы (www.vmp.gov.kz), "e-Qonaq" цифрлық жүйесі (www.eqonaq.kz) және ҚР Ішкі істер министрлігінің цифрлық жүйесі арқылы да алынады.
Қазақстанға визамен келген шетел азаматтары мемлекеттік шекараны кесіп өткен кезде "Бүркіт" БЦЖ арқылы шақыру рәсімдеу кезінде шақырушы тарап көрсеткен мекенжай бойынша автоматты түрде есепке алынады.
Иммигранттарды қабылдайтын жеке және заңды тұлғалар ақпаратты "Бүркіт" БЦЖ-ның визалық-көші-қон порталына жеке электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы www.vmp.gov.kz немесе egov.kz сайттары арқылы енгізеді. Сондай-ақ көші-қон қызметінің бөлімшелеріне тікелей жүгіну немесе пошта арқылы хабарлама жіберу мүмкіндігі бар.
Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстанда болатыны туралы хабарламаларды жүйе пайдаланушылары www.eqonaq.kz сайты арқылы "e-Qonaq" цифрлық жүйесімен де жібере алады.
Көші-қон бақылауы кезінде нелер тексеріледі? Ішкі істер органдарының қызметкерлері көші-қон бақылауы барысында мыналарды тексереді:
- шетел азаматының ұлттық паспортының, визасының немесе уақытша тұруға рұқсатының бар-жоғын, ал Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың тұруға ықтиярхаты немесе азаматтығы жоқ адамның куәлігі бар-жоғын;
- шетел азаматтарының елден уақытылы шығуын немесе Қазақстанда болу мерзімін ұзартуын;
- шетел азаматтарының еркін кіруге жабық аумақтарда болуға рұқсатының бар-жоғын.
Ішкі істер органдарының қызметкерлері бақылауды мына жерлерде жүргізеді:
- шетел азаматтарының тұрақты тұратын немесе уақытша болатын жерлерінде;
- жұмыс немесе оқу орындарында; әуе, теміржол және басқа да көлік түрлерінде;
- көшелер мен қоғамдық орындарда.
Бақылау мынадай тәсілдермен жүзеге асырылуы мүмкін:
- азаматтардың тұрғын үйлерін аралау;
- жатақханаларды, қонақүйлерді және шетелдіктер тұруы мүмкін басқа да орындарды тексеру;
- пойыздарға ілесіп жүру;
- автокөлік құралдарын тексеру;
- жедел-профилактикалық және арнайы іс-шаралар өткізу;
- қолданыстағы заңнамада көзделген өзге де нысандар мен әдістерді пайдалану.
Шетелдіктерді елден шығару тәртібі
Қазақстаннан шығарып жіберу туралы сот шешімі "Бүркіт" БЦЖ арқылы шығарылатын адамның өз бетінше, бірақ бақылаумен елден кетуі жолымен орындалады.
Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды мәжбүрлеп шығарып жіберу сот шешімі негізінде біржақты тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл ретте шығарып жіберу туралы акт жасалады немесе адам өзі шығарылатын шет мемлекеттің билік өкіліне тапсырылады.
Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды елден шығарып жіберуге соттың тиісті қаулысы немесе үкімі негіз болады.
Шығарып жіберілетін адамдар үшін соттың шығарып жіберу туралы қаулысы визаны және уақытша тұруға рұқсатты алмастыратын құжат болып саналады.
Заңнама талаптарын бұзған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары цифрлық форматта, сондай-ақ тиісті ақпараттық есепке алу құжаттарын толтыру арқылы есепке алады.
Ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарының аумақтық бөлімшелері Қазақстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтуге және республика аумағында заңсыз болуға байланысты құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды өз бетінше есепке алады.
Ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары заңнама талаптарын бұзған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар туралы мәліметтерді "Бүркіт" БЦЖ-ға дереу енгізеді.
Әкімшілік жауаптылыққа тартылған шетел азаматтарының саны мен жеке деректері туралы мәліметтерді ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелері ай сайын ҚР Ішкі істер министрлігіне ұсынады.
Қазақстаннан бұрын шығарып жіберілген шетел азаматтарына сот шешімі орындалған күннен бастап бес жыл бойы елге кіруге тыйым салынады.
Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны орындауға бастамашы болған орган "Бүркіт" БЦЖ-ға Қазақстанға кіруіне тыйым салынған адамдар туралы ақпаратты бір жұмыс күні ішінде енгізеді.
Қаулы 2026 жылғы 24 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
17:31, 14 қазан 2026
Равшан рөлін сомдаған Михаил Галустян Тәжікстан халқынан кешірім сұрады
-
17:15, 14 қазан 2026
Қытайдан Астанаға ұшқан елордалық ұшақта 1,5 млн теңгесін ұрлатып алған
-
16:54, 14 қазан 2026
«Яндекстегі» ақау: депутаттар қазақстандықтардың дербес деректері қайда өңделетінін анықтауды сұрады
-
16:45, 14 қазан 2026
Жаңа зауыттар мен ірі өндіріс орындары: Қазақстан жеті жылда қандай жетістіктерге жетті
-
16:40, 14 қазан 2026
16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге кіруін шектеу қандай салдарға әкелуі мүмкін





