Қазақстанда өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандарының білімін тексеру тәртібі жетілдіріледі

10:04, 17 қараша 2026
MKZ: 1578109

© Фото: pixabay

Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы басшыларды, мамандар мен жұмыскерлерді даярлау, қайта даярлау және олардың білімін тексеру қағидаларына өзгерістер енгізу жобасын әзірледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жоба өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында оқыту және білімді тексеру тәртібін жетілдіруді көздейді.

Құжатта мынадай өзгерістер ұсынылған:

  • білім алушылардың жеке басын сәйкестендіру талаптарын енгізу;
  • сабаққа қатысу журналдарын жүргізу;
  • оқыту мен білімді тексеру барысын бейнежазбаға түсіруді міндеттеу;
  • оқудан және білімді тексеруден өткенін растайтын материалдарды сақтау;
  • оқудан өткен адамдардың электрондық дерекқорын жүргізу.

Бұдан бөлек, емтихан өткізуге қойылатын қосымша талаптар белгіленеді. Сондай-ақ белгіленген талаптар бұзылған жағдайда білімді тексеру нәтижелерін жарамсыз деп тануға негіз болатын жағдайлар айқындалады.

Әзірлеушілердің түсіндіруінше, жобаның мақсаты – оқыту мен білімді тексеруді жалған түрде өткізуге жол бермеу, жұмыскерлердің сабаққа нақты қатысуын қамтамасыз ету, білімді тексеру нәтижелерінің объективтілігі мен шынайылығын арттыру және оқу ұйымдарының қызметіне бақылауды күшейту.

Өзгерістер нәтижесінде жұмыскерлерді даярлау сапасы мен өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейі артады деп күтілуде.

Жоба "Ашық НҚА" порталында 2 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!