Алматыда өртенген жеңіл атлетика манежі қалпына келтіріледі

17:27, 16 қараша 2026
MKZ: 1578009

© Фото: zakon.kz

Алматыда №2 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінің өрттен зардап шеккен жеңіл атлетика манежі қайта салынады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ал әзірге 352 спортшының жаттығуы қаладағы басқа спорт нысандарында ұйымдастырылады. Жаттығу процесі үзілмейді. Бұл туралы 2026 жылғы 16 қарашада Алматы қаласының Спорт басқармасы мәлімдеді.

"110 спортшы Республикалық спорт колледжінде, 70 спортшы Олимпиадалық даярлау базасында, 60 спортшы спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат-колледжде жаттығады. Тағы 112 спортшы Спорт басқармасына қарасты дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінде дайындалады", – деп хабарлады басқарма.

Спортшыларды жаттығу орындарына жеткізу және кері алып қайту үшін автобустар бөлінеді. Мектеп әкімшілігі мен жаттықтырушылар ата-аналарға жаңа жаттығу орындары, сабақ кестесі және қатынау тәртібі туралы хабарлайды.


"Алдын ала мәлімет бойынша, манеждің шамамен 1,1 мың шаршы метр аумағы зақымданған. Спорттық жабдықтардың бір бөлігі, соның ішінде металл штангалар мен дискілер сақталып қалды. Зақымданған мүліктің толық тізімі нақтыланып жатыр. Шығын көлемін бағалау комиссиясы анықтайды. Манеж бұрынғы орнында қалпына келтіріледі. Жұмыс басталмас бұрын мамандар техникалық тексеру жүргізеді. Оның қорытындысы бойынша қажетті жұмыстардың түрі, мерзімі және қаржыландыру көлемі белгіленеді", – деп мәлімдеді басқарма.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!