Шотландиялық маман «Елімайдың» бас бапкері атанды

09:59, 17 қараша 2026
MKZ: 1578101

© Сурет: instagram/fc_elimai

Семейдің "Елімай" клубы 43 жастағы Питер Левеннің команданың бас бапкері болып тағайындалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Sportarena.kz жазуынша, Питер Левен бұған дейін "Абердиннің" бапкерлер штабында жұмыс істеп, 2025 жылы командамен бірге Шотландия кубогын жеңіп алған. Сондай-ақ ол үш рет осы клубтың бас бапкері міндетін атқарған. Бұдан бөлек, шотландиялық маман 2022 жылы Ресей Премьер-лигасына жолдама алған "Оренбургте" Марцел Личканың көмекшісі болған.

Левен Бресттің "Динамо" клубында жұмыс істеген кезеңде команда 2018 жылы Беларусь кубогын жеңіп алып, 2019 жылы ел чемпионы атанған. Сондай-ақ 2019 және 2020 жылдары Беларусь Суперкубогын иеленген.

Питер Левен – "Рейнджерс" академиясының түлегі. Футболшы ретінде 300-ден астам матч өткізіп, "Килмарнок", "Милтон-Кинс Донс" клубтары мен Шотландияның жастар құрамасында ойнаған.

Бұған дейін "Елімайды" 2026 жылғы қазан айының соңына дейін жаттықтырған Андрей Карпович қызметінен кеткен еді. Маусымның соңғы турында бас бапкер міндетін Серікбек Қаппаров атқарды. Қазақстан Премьер-лигасының 2026 жылғы маусымында семейлік клуб 30 матчта 45 ұпай жинап, алтыншы орынға тұрақтады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!