Қазақстан мен Ресей арасындағы маңызды келісімшарт кәсіпкерлердің әлеуетін қолдайды

14:25, 28 қараша 2024

© Сурет: akorda.kz

Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында бірқатар түйіткілді мәселе көтерілді. Соның бірі экономика саласы. Атап айтқанда, екі ел арасындағы агроөнеркәсіптік, сауда-саттық және көлік-логистикалық бағыттарының әлеуеті сөз болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

2024 жылдың 27 қарашасында өткен Қазақстан-Ресей ХХ Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысында Тоқаев екі ел арасында агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтасты кеңейтуге ниетті екенін айтты. Биылғы қамбадағы жетістіктер мен импортқа тәуелділікті төмендету үшін бірқатар ірі жоба басталғаны жайлы да сөз қозғады.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы екі ел ЕАЭО-ның ішкі нарығында бір-бірімен бәсекелес болмағаны жөн екенін айта келіп, керісінше, ауылшаруашылық өнімдерін үшінші елдердің нарықтарына экспорттайтын негізгі хабқа айналуы қажеттігін жеткізді.

Алайда "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ басқарушы директоры Бауыржан Мұқанның айтуынша, нарықтық экономика жүйесінде бәсекелестіктің болмауы мүмкін емес.

"Себебі, мұның артында өнімді өндіретін шаруалар, делдалдар мен тұтынушылар бар. Қай елде болмасын, өндірушілердің мақсаты өнімдерін жоғары бағамен сатып, максималды пайда табу. Бұл ретте, екі елдің ауыл шаруашылығы саласына бөлетін субсидия көлемін де есепке алған жөн. Бәсекелестіктің болып-болмауына бұл фактор тікелей әсер етеді". Бауыржан Мұқан — "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ басқарушы директоры
"Бәсекелестіктің болмауы мүмкін емес": Тоқаев пен Путиннің пленаралық отырыстағы кездесуі жайлы сарапшы пікірі, сурет - Zakon.kz жаңалық 28.11.2024 14:25

Сурет: akorda.kz

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей экономикасындағы тұрақты өсімге қол жеткізу үшін шекаралық рәсімдерді жеңілдету мен сауда-логистикалық кедергілерді жою жұмыстарын жалғастыруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл екі елдің кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.

Өз кезегінде Бауыржан Мұқан президентіміздің бұл бастамасы сыртқы экономикалық байланыстың нығаюына әсер етеді,-дейді.

"Шекаралық рәсімдерді жеңілдету мен сауда-логистикалық кедергілерді жою сыртқы сауданың динамикалық тұрғыда жүзеге асуына септігін тигізеді. Дегенмен, бұл мәселеде жүйелі әдіс керек. Мәселен, шекаралық қауіпсіздік, оның ішінде экономикалық қауіпсіздік жүйесін назарда ұстаған жөн",- дейді экономист.

Экономикаға әсері зор келесі бір бағыт — көлік-логистика құрылымы. Мемлекет басшысының айтуынша, елден тысқары жерлерде заманауи мультимодальді орталықтар мен "құрғақ порттар" желісін құруға басымдық берілуде.

"Мұндай сәтті серіктестіктің бір мысалы – Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Селятино станциясындағы жаңа көлік-логистика орталығының құрылысы. Қытайдың Сиань қаласында жуырда ғана салынған қазақстандық терминал транзит дәлізінің екінші қиырынан жүк жөнелтеді. Осылайша, Қытай – Қазақстан – Ресей бағытындағы жүк тасымалы жүйесінің негізгі тірек бекеттері пайда болады". Қасым-Жомарт Тоқаев
"Бәсекелестіктің болмауы мүмкін емес": Тоқаев пен Путиннің пленаралық отырыстағы кездесуі жайлы сарапшы пікірі, сурет - Zakon.kz жаңалық 28.11.2024 14:25

Сурет: akorda.kz

Айта кетейік, 27 қарашадағы жиында "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ ресейлік бірнеше компаниялармен ынтымақтастық келісімге келген болатын. Бұл құжаттарға екі елдің басшылары қол қойды. Атап айтқанда:

  • "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ мен "Российские железные дороги" ААҚ арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;
  • "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ, Xi'an Free Trade Port Construction and Operation Co. Ltd және "Славтранс-Сервис" АҚ арасындағы жобаны іске асыру туралы келісім;
  • "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ мен "ФинИнвест" ЖШҚ арасындағы ниеттестік туралы меморандум.

"Экономикалық зерттеулер институты" АҚ басқарушы директоры Бауыржан Мұқан бұл келісімдерді "стратегиялық мәні зор" деп бағалады.

Сондай-ақ, бүгін, 28 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы өтеді.

Айта кетсек, 27 қарашада кешкісін Астанада әуежайдан Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген РФ президенті Владимир Путинді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алды. Артынша Ақорда резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Одан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен РФ президенті Владимир Путин шағын құрамда келіссөз жүргізді. Сондай-ақ, бұл жиында нендей мәселелер талқыланғаны хабарланды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!