Мемлекет басшысы Ресей президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

21:15, 27 қараша 2024

© Сурет: Ақорда

27 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамда өткен келіссөз қорытындысына оң баға беріп, оның барысында екіжақты күн тәртібіне қатысты барлық өзекті мәселе талқыланғанын жеткізді.

"Өзара ынтымақтастық бойынша ортақ ұйғарымға келдік. Үкіметтерге тиісті тапсырмалар берілді. Алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Екі елдің қарым-қатынасы зор қарқынмен дамып келеді. Біздің міндетіміз – осы динамиканы бәсеңдетпей, елдеріміз арасындағы сауда-саттықтың табысты өркендеуіне, инвестициялық ынтымақтастықтың тереңдеуіне, сондай-ақ білім мен гуманитарлық салалардағы байланыстардың нығаюына қолайлы жағдай жасау", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық байланыстарының қазіргі жай-күйіне назар аударды. Президенттің айтуынша, өзара сауда-саттық үздіксіз дамуда, таяу уақытта екіжақты тауар айналымын 30 миллиард долларға дейін жеткізуге мол мүмкіндік бар. Инвестиция саласында да оң үрдіс байқалады.

"Бүгінде жалпы инвестиция көлемі 18,3 миллиард доллар болатын 93 бірлескен жоба жүзеге асты. Соның нәтижесінде Қазақстанда 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта шамамен құны 29,5 миллиард доллар болатын және 20 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 49 жобаны қолға алуды жоспарлап отырмыз", – деді Қазақстан Президенті.

Бұған дейін екі ел басшылары шағын құрамдағы келіссөз өткізген болатын.

 

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!