Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулығы жайлы қойылған сұраққа жауап берді

11:45, 5 қаңтар 2026

© Фото: akorda.kz

Тілші Бауыржан Бабажанұлы ҚР президентімен сұхбат барысында оның денсаулығы жайлы ашып сұрады, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Жақында АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің денсаулығы туралы мәліметтерді жариялады. Осы тұрғыдан алғанда, Сіз көп ашыла бермейсіз. Дегенмен, денсаулығыңыз жайлы түрлі әңгіме айтылып жатады. Кейбіреулер Сіздің салмақ тастап, сергек көріне бастағаныңызды атап өтсе, енді біреулер оған керағар пікір білдіріп жүр. Бұл туралы не дер едіңіз?",- деп сұрады тілші.

Өз кезегінде президент денсаулығы бойынша шағымы жоқ екенін айтты.

"Денсаулығым жақсы, қан қысымым қалыпты. Күн сайын йогамен шұғылдануды әдетке айналдырдым, бірақ медитация жасамаймын. Бұрынғы кәсіпқой спортшымен аптасына екі рет үстел теннисін ойнаймын. Расымен, тоғыз келі салмақ тастап, өзімді әлдеқайда жайлы сезінетін болдым",- деді ол.

Сондай-ақ, президент ТМД елдеріндегі әріптестері арасында көбі спортқа жақын екенін айтты.

"Таяуда Бішкекте өткен бейресми іс-шара кезінде Путин жас дзюдошыға қарсы әдемі әдіс жасап, аға буынның абыройын көтеріп тастады. Әлиев те мықты, кәнігі спортшы сияқты үнемі жаттығады, Жапаров футбол ойнайды. Мирзиёев те ширақ, ол жаттығу залында шынығады. Пашинян велосипед тебеді. Лукашенко әлі күнге дейін хоккей ойнайды екен. Кезінде теңіз-әскери күштерінде болып, әбден шыныққан Рахмонның да денсаулығы жақсы. Бір сөзбен айтсам, әріптестерімнің бәрі де бабында".Қасым-Жомарт Тоқаев

Бұған дейін Тоқаев билік транзиті жайлы сөз қозғауға әлі ерте екенін айтқанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!