Қасбеттің құлауы: Астана әкімдігі елордалық тұрғын үй кешендеріне тексеру жүргізе бастады

13:46, 5 қаңтар 2026

© Фото: Zakon.kz

Елордадағы тұрғын үйлердің бірінің қасбеті құлап, салдарынан фельдшердің қайтыс болу оқиғасынан кейін Zakon.kz редакциясы қала әкімдігіне тұрғын үйлердің қауіпсіздігін тексеру бойынша сауал жолдаған болатын. Толығырақ ақпаратта.

Әкімдіктің мәліметінше, қаладағы ғимараттарды тексеру алдын ала бекітілген кесте бойынша жүргізілмейді.

"Тексерулер жоспардан тыс тәртіпте және тек нақты негіздер болған жағдайда ғана жүргізіледі. Атап айтқанда, жеке және заңды тұлғалардан немесе мемлекеттік органдардан өтініштер түскен кезде. Осыған байланысты тексерулердің басталу мерзімі алдын ала белгіленбейді, олар тиісті өтініштердің түсуіне байланысты анықталады. Тексеру кондоминиум объектілерін басқару субъектілеріне – мүлік иелерінің бірлестіктеріне (МИБ), пәтер иелері кооперативтеріне (ПИК) және басқарушы компанияларға қатысты жүргізіледі", – делінген жауапта.

Тексеру барысында ортақ үй мүлкінің жай-күйі, тұрғын үй заңнамасының талаптарының сақталуы, сондай-ақ құжаттаманың болуы мен оның талаптарға сәйкестігі бағаланады.

"Тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталған жағдайда оларды жою туралы нұсқама беріледі. Нұсқаманың орындалуы тұрғын үй басқармасы мен тұрғын үй инспекциясының бақылауында болады. Қазіргі уақытта осындай тексерулердің бірі басқарма қызметкерлері тарапынан жүргізілуде", – деп мәлімдеді әкімдік.

Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылы бойында орналасқан тұрғын үй кешенінің қасбетінен сыртқы кірпіш қаптаманың бір бөлігі мен кондиционер қондырғысы құлап, бес адам зардап шеккен. Ал 18 қарашада қаптаманың құлауы салдарынан жарақат алған 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан ауруханада көз жұмды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!