ІІІ-дүниежүзілік соғыс адамзат өркениеті үшін соңғысы болуы мүмкін - Назарбаев

11:49, 24 қыркүйек 2019

Барлық адамдар ядролық қарусыздану бойынша жаһандық күреске белсенді түрде қосылуы керек. Бүгін елордада Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV кеңесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Мемлекет және үкімет басшылары санатындағы саясаткерлерге парламентарийлердің белсенді ықпалын маңызды деп санаймын. 1889 жылы құрылған Парламентаралық одаққа биыл 130 жыл толып отыр, яғни Ұлттар лигасынан бұрын құрылды. Одақтың негізгі мақсаты елдер арасындағы саяси диалогқа ықпал етуге қатысты болды", - деп тоқталды Елбасы.

Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев депутаттар мен саяси қайраткерлерге елдердегі қарапайым азаматтарды алаңдатып отырған мәселелерді, яғни ғаламшардағы сын-қатерлер жайында тыңғылықты әрі мақсатты түрде жеткізе алатынын атап өтті. Сонымен қатар Тұңғыш Президент ІІІ-дүниежүзілік соғыс болып, жаппай қырып-жою құралдарын пайдалануға жол берілсе, бұл бүгінгі өркениет үшін соңғысы болуы мүмкін екенін еске салды.

"Осы жағдайларда барлық адамдар ядролық қарусыздану бойынша жаһандық күреске белсенді түрде қосылып, ғаламшардағы тіршілікті қорғауы тиіс", - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елордадағы Тәуелсіздік сарайында "Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік" тақырыбында Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV кеңесі жұмысын бастады. Форум жұмысына Еуропа мен Азияның 65 елінің парламенттері делегациялары, 14 халықаралық парламенттік ұйым өкілдері қатысуда. Олардың қатарында ЕҚЫҰ мен ҰҚШҰ парламенттік ассамблеялары, Парламентаралық одақ, Азия парламенттік ассамблеясы, Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі парламентарийлердің Азиялық форумы, Еуропалық парламент, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, Ислам ынтымақтастық ұйымы парламенттік одағы, ТМД ПАА, ШЫҰ сынды ұйымдар бар.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!