«Ешкім қыспаққа алған жоқ»: Қызылорда облысының әкімі ескі автовокзалдағы тексерістердің жиілеуін түсіндірді

15:16, 22 желтоқсан 2025

© Фото: Zakon.kz

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев 2025 жылғы 22 желтоқсанда ОКҚ-да өткен брифингте Қызылорда қаласындағы ескі автовокзал иелерінің шағымына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

БАҚ өкілдерінің бірінің айтуынша, автовокзал иелері әкімдік вокзал орналасқан жер телімін тартып алмақ болып, әдейі түрлі тексерулер ұйымдастырып, жұмысына кедергі келтіріп отыр деп есептейді.

Алайда өңір басшысы бұл уәжбен келіспейтінін жеткізді:

"Біз ешқандай кедергі жасап жатқан жоқпыз. Бұл автовокзал өте ескі. Мен мұны қалада жұмыс істей бастаған кезден бері жақсы білемін. 2013 жылдан бастап біз бірнеше рет осы автовокзалдың иесіне ұсыныс жасадық: күрделі жөндеу жүргізіңіздер немесе жаңа ғимарат салыңыздар. Автовокзал – халық үшін аса қажет нысан. Күн сайын адамдар сол жерден аудандарға, басқа облыстарға, тіпті Ташкентке де қатынайды. Бірақ, шынын айту керек, ол жерде ешқандай жағдай жасалмаған. Егер ертең бақылаушы органдар тексеріспен шықса немесе, құдай сақтасын, жолда бір оқыс жағдай орын алса, барлығы: "Әкімдік қайда қарады? Неге вокзалдың тәртібін қадағаламады?" деп айтады. Біз көбіне бір нәрсе болып кеткеннен кейін ғана әрекет ете бастаймыз", – деді әкім.

Оның айтуынша, әкімдік автовокзал иелеріне бірнеше рет ескерту жасаған, алайда олар бұл ескертулерге құлақ аспаған.

"Біз басқа да кәсіпкерлерге жаңа автовокзал салуды ұсынғанбыз. Қолдау таппаған соң және оның аса қажетті екенін түсіне отырып, баяндамамда атап өткенімдей, облыстық бюджеттен 975 миллион теңге бөліп, жаңа мемлекеттік автовокзал салдық. Ол барлық заманауи стандарттар мен талаптарға толық сәйкес келеді. Қазір ол толыққанды жұмыс істеп тұр. Егер сіздер жолаушы ретінде осы екі вокзалды өзара салыстырып көрсеңіздер, айырмашылығын бірден аңғарасыздар. Сонда: неге жаңа нысан толық қуатында жұмыс істемейді, ал адамдар әлі күнге дейін ескі ғимаратта жүруге мәжбүр? – деген сұрақ туындайды. Ескі автовокзалдың ішіндегі кәсіпкерлерге келсек – жұмыс істей берсін, ешкім олардың бизнесін тартып алып жатқан жоқ. Біз ашық айтамыз: мемлекеттік автовокзалды қолдадық және қолдай береміз. Ал жеке кәсіпкерлер сауда қызметін жалғастырғысы келсе, барлық рұқсат құжаттары болуы және санитарлық талаптарды сақтауы тиіс", – деп атап өтті Нәлібаев.

Әкім ескі автовокзалда заңсыз тексерулер жүргізіліп жатыр дегенді жоққа шығарды.

"Алайда ғимараттың айналасында тәртіп, тазалық пен абаттандыруды талап ету – біздің тікелей міндетіміз әрі жұмысымыз. Егер біз мұны талап етпесек, өздеріңіз-ақ бізді сынға аласыздар. Сондықтан ешкім бизнесті жөн-жосықсыз "қысымға алып" жатқан жоқ. Өкінішке қарай, бізде бір әдет қалыптасқан: тәртіп орната бастасаң болды, бірден "тартып алмақшы", "әкім өзі иемденгісі келеді" деген әңгіме шығады. Әкімге бұл автовокзал не үшін керек? Оның жеке басына ол еш қажет емес. Дұрыс түсіну керек: біз кедергі келтірмейміз және заңсыз талап қоймаймыз. Біз адал әрі сапалы жұмыс істейтіндерді қолдаймыз. Ал егер заң бұзылып, қаланың көркіне нұқсан келтірілсе, талап етеміз. Бұл – біздің міндетіміз", – деп түйіндеді ол.

Бұған дейін облыс әкімі "Қорқыт ата" әуежайының табысының төмен болу себептерін түсіндірген еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!