Димаш Құдайбергеннің Чилидегі алғашқы жеке концерті аншлагпен өтті

21:41, 25 қараша 2026
MKZ: 1579757

© Сурет: dimashnews.com

24 қарашада Чили астанасында Димаш Құдайбергеннің алғашқы жеке концерті өтті. DIMENSIONS әлемдік туры аясындағы бұл кеште Сантьягоның ең ірі концерт алаңдарының бірі — Santander Arena көрерменге лық толды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мексика мен Колумбиядағы табысты концерттерден кейін әлемдік турдың Латын Америкасындағы сапары Чилиде жалғасты. Мұнда әншіні мыңдаған көрермен зор ықыласпен қарсы алды.

Кеш бойы мыңдаған көрермен Димаштың өнерін қошеметпен қарсы алып, ұрандатып, әндерін бірге шырқады. Ән айтып, би билеген жұрт әншінің залға қарата айтқан әр сөзіне ықыласпен үн қатып, сахна мен көрермен қауымын жақындастырған ерекше атмосфера қалыптастырды.

Сантьягодағы концерт әлемдік турдың Латын Америкасындағы елеулі оқиғаларының біріне айналып, қазақстандық әншінің халықаралық аудиториясының ауқымын тағы бір көрсетті.

Концерт бағдарламасының шамамен үштен екісін Димаштың өзі жазған әндері құрайды. Сонымен қатар әртіс белгілі композиторлардың туындыларын орындап, қазақтың халық әндерін заманауи музыкалық өңдеуде ұсынады.

DIMENSIONS әлемдік турының бағдарламасына алғаш енген жаңа туындылардың бірі — "Release My Soul" әні. Оны Димаштың інісі, жас композитор Әбілмансұр Құдайберген жазған болатын.

Ширақ ырғақ, есте қаларлық әуен, мәнерлі вокал және әсем хореография үйлесім тапқан бұл туынды әнші шығармашылығының жаңа қырын ашып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүр.

Сол кеште Santander Arena-ға жиналған мыңдаған көрермен осы жолдардың мәнін өз ықыласымен танытқандай болды. Олар әртіспен бірге түні бойы ән айтып, би билеуге әзір еді. Ду қол қошемет пен көрерменнің хормен айтқан әндері сөздері концерт бойы толастаған жоқ.

Кеш бағдарламасында Димаштың шығармашылығы мен қоғамдық бастамаларын белсенді қолдап жүрген чилилік Dears жанкүйерлері ұйымдастырған флешмоб ерекше орын алды.

Әртістің авторлық репертуарындағы ең елеулі туындылардың бірі — "The Story of One Sky" орындалған сәтте көрермен залы ақ түске бөленді. Мыңдаған көрермен бейбітшіліктің, ізгілік пен бірліктің нышаны ретінде ақ жалаушалар көтеріп, туындының негізгі идеясын қолдады.

Чили жұртшылығының қонақжайлылығы мен жалынды ықыласы әншінің өзіне де ерекше әсер етті.

"Қымбатты достар! Сіздердің алдарыңызда өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе. Қатты толқып тұрмын. Бізді бір үлкен отбасының мүшесіндей қабылдадыңыздар. Сіздерге мың алғыс!" — деді Димаш көрерменге қарата.

Концерттің финалы айрықша есте қалды. Қорытынды әннің орындалуы әртіс пен көрермен арасындағы ұзақ музыкалық сұхбатқа ұласты. Димашты сахнадан жібергісі келмеген жұрт ән айтып, қол соғып, оның есімін хормен қайталай берді. Әртіс те көрерменмен жүздескен осы сәттердің ұзаққа созылуын іштей қалап тұрғандай күй кешті.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!