Археологтар 2200 жылдық сирек монеталар мен жоғалған дәуірдің іздерін тапты

11:10, 25 қараша 2026
MKZ: 1579620

© Сурет: magnific

Венгрияда археологтер шамамен 2200 жыл бұрын жасалған кельттердің күміс монеталарынан тұратын ірі көмбені тапты. Қазына елдің батысындағы электр қосалқы стансасының құрылысы басталар алдында жүргізілген жұмыстар кезінде табылған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Live Science басылымының мәліметінше, археологиялық қазба жұмыстары 2023-2025 жылдар аралығында жүргізілген. Мамандар әуелі бұрын ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылған жерден бірнеше жеке монета тапқан. Кейін металл іздегіш құралдардың көмегімен аумақты зерттеп, шамамен 40 сантиметр тереңдіктен шағын қыш ыдысқа тап болған.

Оның ішінен жалпы салмағы шамамен екі келі болатын 200-ден астам күміс монета шыққан. Қымбат металдың сынық құны бойынша көмбенің бағасы екі мың доллардан асады (1 млн теңгеден жоғары). Алайда сиректігі мен тарихи маңызына байланысты оның нақты құнын бағалау мүмкін емес.

"Бұл – Еуропа үшін сирек кездесетін олжа", – деді баспасөз мәслихатында Венгрия Ұлттық археология институтының археологі Эстер Крайтер.

Оның айтуынша, елде бұған ұқсас соңғы көмбе 1960 жылдардың соңында табылған.

Монеталар біздің заманымызға дейінгі II ғасырдың соңы мен I ғасырдың басына жатады. Олар жақын маңдағы кельттердің бекіністі қонысының атымен аталған "Велем" үлгісіне жатады.

Кельттер бұл монеталарды ежелгі гректердің тетрадрахмаларына ұқсатып жасаған. Бір бетінде, болжам бойынша, Аполлон құдайының бейнесіне ұқсас стильдендірілген бас, ал екінші бетінде ат үстіндегі дулығалы салт атты бейнеленген.

Оксфорд университетінің грек және рим нумизматикасы бойынша құрметті кураторы әрі профессоры Кристофер Хоуджегоның айтуынша, мұндай монеталар күнделікті саудада сирек пайдаланылған. Оларды көбіне байлық ретінде сақтаған немесе салттық құрбандық ретінде жерге көмген.

Монеталардан бөлек, ғалымдар бұл аумақтан жеті мың жылдан астам уақытты қамтитын тіршілік іздерін тапты. Олардың қатарында ағаш өңдеуге арналған тас қашау, біздің заманымызға дейінгі VII-VI ғасырларға жататын шыны моншақ және еденді жылыту жүйесі бар римдік вилланың қирандылары бар. Сондай-ақ кірпіштердің бірінде иттің табан ізі сақталған.

Барлық жәдігерді музей экспозициясына қою жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Ұлыбританияда археологиялық қазба жұмыстарына алғаш рет қатысқан бірінші курс студенттері алғашқы күннің өзінде Ежелгі Рим империясына тиесілі жәдігерлер көмбесін тапқан болатын. Табылған заттардың арасында алтын әшекей де бар.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!