Боқаев ісі: судья сотқа араласқаны үшін жауапкершілік барын ескертті

13:45, 16 қазан 2026
MKZ: 1572739

© Сурет: Instagram/sanzhar_bokayev

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық істі қарау басталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Отырыстың басында судья Жанат Әбенова процеске қатысушылар мен залда отырғандарға сот отырысында сақталуға тиіс тәртіпті түсіндірді. Сондай-ақ ол сот төрелігіне қандай да бір қысым көрсетуге жол берілмейтінін еске салды.

Судья сот талқылауының жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында БАҚ өкілдері мен тыңдаушыларға арналған анайы залда сот отырыстарының тікелей көрсетілімі ұйымдастырылғанын айтты. Сонымен қатар ол дыбыс және бейнежазба жүргізу, фотосуретке түсіру тәртібі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 345-бабымен реттелетінін атап өтті. Сот залында процесті өзге тәсілдермен жазып алуға немесе трансляция жасауға, оның ішінде ұялы телефондарды пайдалануға рұқсат етілмейді.

Жанат Әбенова өз мәлімдемесінде сот билігінің тәуелсіздігіне ерекше тоқталды. Ол сот төрелігін жүзеге асыру кезінде соттың тек Конституция мен заңға ғана бағынатынын атап өтті. Осыған байланысты БАҚ-та немесе әлеуметтік желілерде жарияланатын, қаралып жатқан істің мәніне қатысты кез келген ашық пікірлер мен түсініктемелер сотқа тікелей қысым көрсету ретінде бағаланатынын ескертті.

Судья журналистер мен интернет қолданушыларын сот процесін жариялауда жауапкершілік танытуға шақырды. Сондай-ақ қоғамда істің мән-жайына қатысты алдын ала теріс пікір қалыптастыруы мүмкін тексерілмеген, арандатушылық сипаттағы ақпарат пен мәлімдемелерді таратудан қатаң түрде бас тартуға кеңес берді.

Процеске қатысушылар мен тыңдаушыларға сот отырысының тәртібін бұзу немесе төрағалық етуші судьяның өкімдеріне бағынбау сот залынан дереу шығаруға және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 346-бабына сәйкес сотты құрметтемегені үшін жауапкершілікке тартуға әкеп соғатыны ресми түрде ескертілді.

Естеріңізге сала кетейік, Санжар Боқаевқа бірқатар қылмыстық әрекеттер жасады деген айып тағылып отыр. Іс Қылмыстық кодекстің 190, 188, 2018, 340 және 274 баптары бойынша қаралып жатыр.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!