2027 жылы Қазақстанда қандай отбасылар ауқатты деп танылып, жәрдемақыдан қағылуы мүмкін
© Фото: pexels
Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕХӘҚМ) 2026 жылғы 15 қазанда Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) арқылы отбасылар мен үй шаруашылықтарының әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтау тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Атап айтқанда, жоғары және ауқатты әл-ауқат деңгейіне жататын А және В санаттары туралы сөз болып отыр.
"А және В санаттары отбасының материалдық қамтамасыз етілу деңгейінің жоғары екенін сипаттайды. Оларды анықтау кезінде қаржылық жағдай, бірнеше жылжымайтын мүлік нысанының, қымбат автокөліктердің, жеке бизнестің және елеулі жер активтерінің болуы сияқты бірқатар көрсеткіш ескеріледі", – деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрліктің нақтылауынша, негізгі өлшемдердің бірі – отбасының әр мүшесіне шаққандағы қаржылық қамтамасыз етілу деңгейі, яғни күнкөріс минимумының 7 еселенген мөлшерінен бастап (2026 жылы – 355 957 теңге).
Сондай-ақ бір адамға шаққанда шартты ауданы 120 шаршы метрден басталатын бірнеше тұрғын үйдің болуы, люкс санатындағы автокөліктер, коммерциялық жылжымайтын мүлік, ірі, орта және шағын бизнес, сондай-ақ ауқымды жер учаскелері және басқа да көрсеткіштер ескеріледі.
"Алайда аталған белгілердің біреуінің болуы отбасының автоматты түрде А немесе В санатына жатқызылатынын білдірмейді. Бағалау отбасының материалдық әл-ауқаты мен әлеуметтік тұрақтылығын сипаттайтын көрсеткіштердің жиынтығы негізінде жүргізіледі. Санатты анықтау үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер пайдаланылады. Атап айтқанда, қаржылық жағдай, отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуы, тұрғын үй жағдайы, мүлік, көлік құралдары, кредиттік міндеттемелер, бизнестің, жер учаскелерінің, жеке қосалқы шаруашылықтың болуы, сондай-ақ отбасының әлеуметтік сипаттамалары ескеріледі", – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Осылайша, Еңбек министрлігі жеке пәтердің, автокөліктің немесе басқа да мүліктің болуы өздігінен отбасын жоғары табысты деп тануға негіз болмайтынын атап өтті. Қорытынды санат ескерілетін мәліметтердің жиынтығы бойынша анықталады.
"Әлеуметтік әл-ауқат санаты тұрақты болып саналмайтынын атап өткен жөн. Отбасының өмірлік жағдайы, материалдық ахуалы, құрамы немесе мүлікпен қамтамасыз етілу деңгейі өзгерген жағдайда мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі жаңартылған деректер негізінде бағалау қайта қаралуы мүмкін. Азаматтар электрондық үкімет сервистері арқылы өздері және отбасы туралы қолжетімді мәліметтерді тексере алады. Қате ақпарат анықталған жағдайда оны тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар жаңартады", – делінген министрлік хабарламасында.
Еңбек министрлігі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жекелеген мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде мұқтаждық қағидаты қолданылатынын еске салды. Бұл ретте өзгерістер заңнамада белгіленген жекелеген қолдау шараларына ғана қатысты болады және көзделген ерекшеліктер ескеріледі.
"Жаңа тәсіл отбасылардың әлеуметтік әл-ауқат деңгейін неғұрлым дәл анықтауға және азаматтардың нақты өмірлік жағдайларын ескере отырып, мемлекеттік қолдаудың атаулылығын арттыруға бағытталған", – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
2026 жылғы 14 қазанда Құрылтайдың жалпы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев отбасылардың әл-ауқат деңгейін және мемлекеттік қолдау шараларын тағайындау кезінде қандай мәліметтер ескерілетінін айтқан болатын.
Ал Премьер-министр Олжас Бектенов "өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар бай және ауқатты адамдар мемлекет көмегіне мұқтаж болмауы керек, олар өз күшіне сенуі тиіс" деп мәлімдеді.
Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда бай және ауқатты адамдар санатына жататын азаматтардың санын атады.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
17:53, 15 қазан 2026
Мемлекет басшысы АӨСШК VII саммитінде сөз сөйледі
-
17:47, 15 қазан 2026
Астанада оншақты JAC көлігін сатқан автосалон менеджері түскен ақшаны кассаға өткізбей, өз пайдасына жаратқан
-
17:47, 15 қазан 2026
Астанада автосалон менеджері оншақты JAC көлігін сатып, түскен ақшаны кассаға өткізбей, өз пайдасына жаратқан
-
17:40, 15 қазан 2026
Ыстамбұлда табиғи апат орын алып, үш адам көз жұмды
-
17:24, 15 қазан 2026
СҚО-дағы ауыр жол апаты салдарынан балабақша директоры мен екі тәрбиеші қаза тапты





