Белгілі дәрігер ӘМСҚ есебінен 53 млн теңге жымқырғаны үшін қандай жаза алды

17:47, 17 қазан 2026
MKZ: 1572934

© Фото: Zakon.kz

Ақтөбеде белгілі дәрігер 53 млн теңгеге ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Ол өз клиникасында көрсетілмеген медициналық қызметтер үшін мемлекеттен ақша алып отырған, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Диапазон" газетінің жазуынша, сотталушылар қатарында №3 емхананың бұрынғы бас дәрігері Жәнібек Нармұхамедов болған. Айыптау материалдарына сәйкес, ол "Медина Клиник" ЖШС медициналық мекемесінің іс жүзіндегі басшысы әрі иесі болған.

"Медина Клиник" пен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) арасында алғашқы медициналық-санитариялық және консультативтік-диагностикалық көмек көрсету, сондай-ақ халықтың нысаналы топтарын профилактикалық медициналық тексеруден өткізу туралы келісімшарттар жасалған.

"Аталған қызметтерге арналған қаражат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында бөлінген. Айыпталушы клиниканы туысының сенімгерлік басқаруына берген", – делінген хабарламада.

Клиника басшылығының біліксіздігін пайдаланған дәрігер басқа медициналық мекемелерден жолданған пациенттер туралы мәліметтерді бақылап, ӘМСҚ қаражатын жымқыру схемасын әзірлеген. "DamuMed" жүйесіне медициналық қызмет көрсетілгені туралы жалған және қайталанатын мәліметтер енгізілген.

Осы актілердің негізінде қордың шотынан "Медина Клиник" есепшотына миллиондаған теңге аударылған. Жалпы дәрігер 53 млн 117 мың теңгені жымқырып, оны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

"Дәрігер қылмыс жасағанын мойындап, мемлекетке келтірілген шығынды толық өтеген. Осыдан кейін прокуратурамен кінәсін мойындау туралы процестік келісім жасасқан. Сот Жәнібек Нармұхамедовті бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім шығарды", – делінген басылымда.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!