Гранит тақталарды ұрлау, ағаштарды заңсыз кесу, фейктер: Боқаев ісі бойынша сот отырысында прокурор не айтты

19:27, 16 қазан 2026
MKZ: 1572830

© Сурет: Zakon.kz

Алматыда Санжар Боқаевтың ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Прокурор сотта алаяқтық, ақшаны жылыстату, ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу, сондай-ақ фейктерді тарату сынды бүтін тізімнен тұратын айыптарды атады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сот отырысында прокурор Боқаевтың әлеуметтік желілерде жалған "әшкерелеу" бейнежазбасын жариялау үшін ұрлықты қалай әдейі ұйымдастырғанын айтты. Прокурордың айтуынша, Боқаев 2022 жылдан бастап қоғам пікіріне ықпал ету мақсатында түрлі саяси технологияларды қолданып, мемлекеттік органдарды сынаған жазбаларды әлеуметтік желілерде тұрақты түрде жариялап отырған.

"2025 жылғы күзде ол әлеуметтік желідегі парақшаларына жұртшылықтың назарын бұрынғыдан да көбірек аударуды көздеп, сыбайлас жемқорлық схемасын әшкерелегендей көріну үшін арнайы жоспар құрған. Ол үшін мемлекеттік нысаннан құрылыс материалдарын шын мәнінде ұрлатып, бұл әрекетті бейнежазбаға түсіру, кейін барлық кінәні әкімдік пен мердігерлерге артуды ойлап табады. Осы жоспарын жүзеге асыру үшін Боқаев өзінің жеке бейнеоператоры Ұ.Нүсіпқожаны және танысы А.Хамрақұловты іске тартқан. Соңғысына ұрлықты тікелей жүзеге асыратын адамдарды табу тапсырылған. Бұл іске ақша үшін "Павлодар өзен порты" құрылыс компаниясында бұрын учаске бастығы болып жұмыс істеген Ж.Жанатаев келіскен", делінген айыптау актісінде.

Тергеудің ресми нұсқасы бойынша, 2025 жылғы 10 қыркүйекте жалға алынған кран-манипулятор арқылы құрылыс алаңынан 8 гранит тақта жасырын алып кеткен.

"Ол кезеңде бұл нысанда Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан. Ұрланған тақталар Тұздыбастау ауылының маңында түсірілген. Алайда бұл Боқаевтың көңілінен шықпайды. Өйткені ол гранит тақталар құлпытас жасайтын шеберханаға сатылып жатқандай көрініс жасауды көздеп, интернетте үлкен дау туғызуды жоспарлаған. Сондықтан 15 қыркүйекте Боқаев істі тікелей өз бақылауына алып, екінші ұрлықты ұйымдастыруға ақша берген. Бұл жолы жалданған адамдар құрылыс алаңынан тағы 12 гранит тақтаны алып шығып, оларды Бесағаш ауылындағы құлпытас жасайтын шеберхананың алдына жеткізген", - дейді прокурор.

Сондай-ақ тергеу мәліметтеріне сүйенсек, жұмысшылар гранит тақталарды түсіріп жатқанда, Боқаев пен бейнеоператор Нүсіпқожа жол талғамайтын көліктің ішінде отырып, бәрін бейнекамераға түсірген. Сол сәтте Бокаев камера алдында алдын ала дайындалған мәтін бойынша "жергілікті тұрғындардан хабар келген соң, дереу оқиға орнына түн ішінде шұғыл жеткендей" кейіп танытады. Монтаждалған бейнеролик 2025 жылғы 17 қыркүйекте әлеуметтік желілерде жарияланған.

Прокурордың айтуынша, гранит тақталарды ұрлау оқиғасын қолдан сәтті ұйымдастырған соң Боқаев қылмыстық әрекеттер арқылы қоғамда жалған дау-дамай туғызуды жалғастыруды көздепті.

Сондай-ақ айыптаушы тарап 2025 жылдың күзінде ол Баум тоғайын абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатқан "Базис-А" құрылыс компаниясы мен мемлекеттік органдарға қарсы ақпараттық шабуыл ұйымдастыруды жоспарлаған деп санайды. 26 қазанға Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесу белгіленгендіктен, Боқаев осы шара қарсаңында қоғамда үлкен дау туғызуды көздеді. Ол алдымен тоғайдағы ағаштарды жасырын кесіп, кейін олардың орнына коммерциялық жылжымайтын мүлік салу мақсатында жасыл желек заңсыз әрі аяусыз жойылып жатыр деп жұртшылықты дүрліктіруді ойластырды.

"Осы мақсатта Боқаев пен оның жеке мобилографы Ұ.Нүсіпқожа бұған дейін гранит тақталарды ұрлауға көмектескен А.Хамрақұловқа қайта жүгінген. Тапсырыс берушілерден ақша алған Хамрақұлов қаладағы ломбардтардың бірінен кәдімгі бензинмен жұмыс істейтін ара сатып алған. 2025 жылғы 24 қазан күні кешкі уақытта Хамрақұлов жалдаған адамдар Баум тоғайына жасырын кіреді. Олар 2,5 сағат ішінде үйеңкі, қараған және қарағашты қоса алғанда, 16 ағашты әдейі кесіп, зақымдаған. Сол түні, 25 қазанда, қылмыс жасалғаннан кейін Нүсіпқожа орындаушылармен кездесіп, оларға 100 мың теңге төлеген", деп мәлімдейді прокуратурадағылар.

Іс материалдарына сәйкес, жоспардың алғашқы бөлігі орындалғанына көз жеткізген ұйымдастырушылар енді оны жұртшылыққа жария етуге кіріседі. Сол түні Боқаев пен Нүсіпқожа шетелдік телефон нөмірінен ағаштардың кесіліп жатқаны туралы жасырын хабарлама алғандай кейіп танытқан. Олар қол шамдарын алып тоғайға барады да, "белгісіз қылмыскерлерді" қуғандай көрініс ұйымдастырып, оны бейнежазбаға түсіреді.

"Келесі күні, 26 қазанда, аудан тұрғындарымен кездесу басталар алдында Боқаев қоғам белсенділерін тоғайға ертіп барып, өзінің тапсырмасымен кесілген ағаштарды көрсеткен. Камера алдында ол әлдебір мүдделі тұлғалар тұрғын үй кешендерін салуға жер босату үшін ағаштарды жойып жатыр деп мәлімдеген. Кейін Боқаев монтаждалған бейнероликті Instagram желісіндегі жеке парақшасында жариялаған. Айыптау тарапының айтуынша, ол өзін қоғам мүддесін қорғаушы ретінде көрсетіп, әлеуметтік желідегі оқырмандарын әдейі жаңылыстырған", - дейді айыптаушы тарап.

Прокурор бұл әрекеттер арқылы өзін "жарнамалаудың" салдарынан табиғатқа және "Медеу" мемлекеттік табиғи паркіне нақты зиян келтірілгенін атап өтті. Осыған байланысты Боқаев пен Нүсіпқожаға алдын ала сөз байласқан адамдар тобының құрамында ағаштарды заңсыз кесу және жою бойынша айып тағылды.

Санжар Боқаев Қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша бірқатар қылмыстар жасады деп күдікке ілінуде. Атап айтқанда, ҚР ҚК-нің 190, 188, 218, 340 және 274-бабы.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!