Ауылының көркеюіне үлес қосқан кәсіпкер орақ науқанына кірісті
Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында егін орағы қызу.
Жаздың құрғақ болғанына қарамастан өңір шаруалары: «Биыл қамба астыққа толады», – деп отыр. Тізімде Көлденең аулындағы ірі серіктестік те бар. Жомарттығымен аты шыққан Мамырбек Қарашев басқаратын бұл қожалық биыл 7 мың гектар алқапқа дәнді дақыл сеуіпті.
Сөзге сараң, іске мығым Мамырбекпен тілдесіп, сұхбат алу оңай болған жоқ. Бала кезінен еңбекпен ысылған ол біздің түсіру тобымыз барғанда, комбайнмен өзі егін орып жүр екен. Басшы үшін басты міндет бітік шыққан астықты жауынға ұрындырмай, жинап алу екенін ұқтық.
Николай Либих, комбайншы:
-Біздің ауыл берекелі, базарға бармайды. Түгелін өзіміз өсіреміз. Нан да, ет те, сүт те ауылда өндіріледі. Оннан астам ұлт пен ұлыстың өкілі бір отбасының баласындай еңбек етудеміз. Мұның бәрі басшымыздың біліктілігінің арқасында деп есептейміз. Ең бастысы ел аман, жұрт тыныш болсын!
Шаруашылықты 30 жылдан бері басқарып келе жатқан жетекші өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қиындықтар көп болғанын айтады.
Мамырбек Қарашев, шаруашылық жетекшісі:
-Ол кезде техникамыз да, жанармай да жоқ болып, тәй-тәй басқан мемлекет болатынбыз. Енді бүгінгі күні Елбасымыздың саясатының арқасында алға жылжып, халқымыз аман, ел іргесі тыныш, ең бастысы береке-бірлік болып, қоян-қолтықтасып, осылай нанымыз көп болып, ұрпағымыз өсіп-өне берсін!
Жерлестері Мамырбектің туған ауылына жасаған игі істерін айтып, тауыса алмайды. Мешіт салып, спорт кешенін тұрғызған. Қазір мұндағы балалар волейбол, грек-рим, шаңғы спорттарынан облыс, республикалық деңгейде үздік нәтижелерге қол жеткізіп жүр.
Кенжебай Нұрбаев, Көлденең орта мектебінің директоры:
-Өлім-жітім болса, Мамырбек жүреді. Жағдайы нашар отбасыларға көмек көрсетіп жатады. Қар қалың түскенде, ылғи да көше-көшенің бәрін тазалап, балалардың сабаққа келуіне өте ыңғайлы жағдай жасап отырады. Содан кейін мектеппен тығыз байланыста. Қандай қажетті көмек керек, балалардың жарысқа баруына демеуші болып, автобусын беріп отырады.
Мамырбек Қарашев, шаруашылық жетекшісі:
-Келесі жылы кішкентай зауыт салып, сүтті де өңдейік деп тұрмыз. Өзіміз сауып, өңдеп, халықтың игілігіне берсек деп тұрмыз.
Шаруашылықтың астық сақтайтын қоймалары ғана емес, диірмені, наубайханасына дейін бар. Міне биылғы бидайдан пісірілген нан да жергілікті дүкенге түсіп үлгерді. Тұрғындар: «Өз нанымыз ерекше дәмді әрі ыстық. Береке мен бірліктің дәмін сеземіз», – дейді.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы
Источник: khabar.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
19:08, 16 желтоқсан 2025
Ауа райына байланысты бес бағыт бойынша пойызға қосымша орындар ашылды
-
18:52, 16 желтоқсан 2025
Димаш Құдайбергеннің қарындасының патриоттық видеосы желіде қызу талқыланып жатыр
-
18:31, 16 желтоқсан 2025
Биатлоннан Әлем кубогы кезеңі: қазақстандықтар эстафетада қалай өнер көрсетті
-
18:20, 16 желтоқсан 2025
Ауа райы күрт бұзылады: Астанада, Алматыда және өңірлерде дауылды ескерту жарияланды
-
18:11, 16 желтоқсан 2025
Қостанайда көпқабатты үйде жиһаз өртеніп, түтін толған ғимараттан ондаған адам эвакуацияланды





