Алматыда 1 қыркүйектен бастап жүргізушілерге жаңа талап енгізіледі

16:12, 31 тамыз 2026
MKZ: 1564412

© Фото: Zakon.kz

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Алматыда бензинмен, газбен және дизель отынымен жүретін автокөліктер экологиялық нормативтерге сәйкестігін анықтау үшін техникалық тексеруден өтуге тиіс, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 31 тамызда A-Parking ұйымы ескертті.

"Бұл техникалық тексеру міндетті техникалық байқаудың бөлігі емес, жеке рәсім болып саналады. Оның барысында автокөліктердің зиянды қалдық шығару деңгейі өлшенеді: бензинмен және газбен жүретін көліктердің пайдаланылған газдарының уыттылығы, ал дизельді көліктердің түтіндеу деңгейі тексеріледі. Тексеру ҚР СТ 1433-2023 ұлттық стандартына сәйкес жүргізіледі", – деп түсіндірді ұйым өкілдері.

Техникалық тексеруден мерзімінен бұрын өту талап етілмейді. Жаңа талап тек 1 қыркүйектен кейін кезекті міндетті техникалық байқаудан өту мерзімі келетін автокөліктерге қолданылады.

Егер көлік 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін техникалық байқаудан өткен болса, берілген құжат белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін жарамды болады. Осы мерзімге дейін техникалық байқаудан немесе экологиялық тексеруден қайта өтудің қажеті жоқ.

"Міндетті техникалық байқаудан бұрынғыдай кез келген жұмыс істеп тұрған техникалық байқау орталығында өтуге болады. Ал зиянды қалдық шығару деңгейін өлшейтін техникалық тексеру қажетті құрал-жабдықпен жабдықталған аккредиттелген станцияларда ғана жүргізіледі. Автокөлік иесі өз қалауы бойынша аккредиттелген станцияда екі рәсімнен де – техникалық тексеру мен міндетті техникалық байқаудан бірден өте алады", – деп толықтырды A-Parking.

Аккредиттелген станциялардың ресми тізімі кейінірек almaty-parking.kz сайтында жарияланады.

Алматы билігі жаңа оқу жылының басталуына байланысты 1 қыркүйекте қала жолдарындағы көлік қозғалысы айтарлықтай қиындайды деп болжап отыр. Осыған орай жол қозғалысын ұйымдастыруға қатысты қосымша шаралар қабылданады. Жүргізушілерге мүмкіндігінше қоғамдық көлікке отыру ұсынылды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!