Алдымызда табанды жұмысқа толы бірнеше жыл бар – Тоқаев билік транзиті жайлы сөз қозғауға ерте екенін айтты

11:12, 5 қаңтар 2026

© Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Turkistan газетіне берген ауқымды сұхбатында парламенттік реформаға қатысты алып-қашпа сөздерге нүкте қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы билік транзиті жайлы сөз қозғауға әлі ерте екенін атап өтті.

"Алдымызда табанды жұмысқа толы бірнеше жыл бар".Мемлекет басшысы

Сондай-ақ, ол кейбір сарапшылардың парламенттік реформа бір ғана мақсатпен – Парламент төрағасы лауазымын мемлекеттік басқару жүйесіндегі ең басты лауазымға айналдыру үшін ғана өткізіледі деп санайтындығына қатысты пікір білдірді.


"Бұл – бос әңгіме. Мұндай пікір менің саяси қағидаттарыма қайшы келеді. Мен Қазақстанның президенттік басқару үлгісіндегі мемлекет екенін бірнеше рет айттым. Осыдан 8 жыл бұрын, яғни Ақордаға келгенге дейін "Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет" тұжырымдамасын жарияладым. Жеке бастың қамын күйттеп, мемлекеттік жүйені тұтастай өзгерте салу барып тұрған жауапсыздық, тіпті, адамгершілікке жатпайтын әрекет болар еді. Еліміз үшін аса маңызды реформаның бәрі жалпыхалықтық референдумға шығарылады. Бұл жерде ешқандай астыртын ойлар жоқ. Менің ұстанымым баршаға белгілі, саяси реформалар жалғаса береді. Ұзақ мерзімге арналған жоспардың бір бөлігі әдеттегідей жақын арада жарияланады",- деді ол.

Осы ретте, мемлекет басшысы 2026 жылға арналған бірқатар жоспарлары жайлы да айтып өтті.

"Қазірдің өзінде нақты айта аламын: биыл ел тағдырына тікелей әсер ететін, Қазақстанның ұзақ жылдарға арналған бағыт-бағдары айқындалатын жыл болады. Мен конституциялық реформаға қатысты референдум өтетінін алдын ала айттым. Қазір сарапшылар тобымен бірге Ата заңымыздың редакциясына қатысты ұсыныстарды қарап жатырмын. Жоспарланған өзгерістер өте көп, бәрі тұтаса келгенде жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасаймыз деуге болады". Қасым-Жомарт Тоқаев

Бұған дейін Тоқаевтың Қаңтар оқиғасы туралы сөз қозғағанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!