2026 жылдың соңында базалық мөлшерлеме көтерілуі мүмкін бе

16:07, 23 қазан 2026
MKZ: 1574048

© Фото: сгенерировано с помощью ИИ

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов 2026 жылғы 23 қазанда өткен брифингте базалық мөлшерлемені қайта көтеруге себеп болуы мүмкін тәуекелдер туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Журналистер елдегі тариф саясаты мен азық-түлік бағасының маусымдық өсуіне назар аударды. Осыған байланысты олар инфляцияны тежеу үшін 2026 жылғы желтоқсанда ақша-кредит саясатын қатаңдату қажет болмай ма деп сұрады.

"Былтыр Үкімет тарифтерді жарты жылға тоқтататынын мәлімдеді. Іс жүзінде тарифтер өзгеріссіз қалып қана қойған жоқ, тіпті төмендеді. Соның нәтижесінде қыркүйек, қазан, қараша және желтоқсанда төмен база қалыптасты. Енді тарифтердің кез келген өсуі статистикалық тұрғыдан инфляция көрсеткішіне кері әсер етеді. Біз мұны жақсы түсінеміз және осыған бола базалық мөлшерлемені өзгертпейміз. Мұндағы себеп-салдарлық байланысты дұрыс бағалап отырмыз", – деп жауап берді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, Ұлттық банк инфляцияның басқа да құрамдас бөліктерін, соның ішінде азық-түлік бағасын бақылауды жалғастырады.

"Біз маусымдық әсерді көріп, түсініп отырмыз. Әрине, қазан, әсіресе қараша мен желтоқсан – инфляциялық қысым күшейетін айлар. Бұл – жылыту маусымы, мерекелер кезеңі. Әдетте долларға сұраныс та артады, өйткені жыл соңына қарай ірі жобалар аяқталып, валюталық келісімшарттар бойынша есеп айырысу жүргізіледі. Сондықтан экономикада қалыптасатын барлық факторды қадағалаймыз. Мөлшерлеме бойынша келесі өзгерісті келесі жылдың басында көреміз", – деді Ұлттық банк басшысы.

Дегенмен Тимур Сүлейменов жыл соңына дейін монетарлық және базалық инфляцияға елеулі ықпал ететін факторларды көріп отырған жоқ. Сондықтан оның айтуынша, осы жылдың соңына дейін базалық мөлшерлеменің төмендеуін де, көтерілуін де күтудің қажеті жоқ.

Бұған дейін Ұлттық банк басшысы Қазақстанның валюта нарығында доллар ұсынысының неліктен артқанын түсіндірген еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!