Қызының өлімінен кейін кәсіпкер жол ережесін бұзған жүргізушілермен өзі күресуге кірісті

11:57, 9 қараша 2026
MKZ: 1576677

© Фото: Zakon.kz

Қытайда жүк көлігінің астында қалып, тоғыз жасар қызы қаза тапқан әке күн сайын қауіпті қиылыстарда кезекшілік етіп, жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерді видеоға түсіріп жүр. Ер адам қайғылы оқиғадан кейін жолдағы тәртіпті өз бетінше бақылауға шешім қабылдаған.

South China Morning Post басылымының 2026 жылғы 8 қарашадағы мәліметінше, қайғылы оқиға биыл тамызда Қытайдың оңтүстік-шығысындағы Цзянси провинциясында болған.

У Чжишэннің әйелі екі қызымен электр велосипедке отырып, жол қиылысынан өтіп бара жатқанда, бұрылып келе жатқан самосвал оларды қағып кеткен.

Жүк көлігінің соққысынан үлкен қызы Зицзин оқиға орнында көз жұмды. Ал анасы мен кіші қызы жарақат алды.

Тергеу нәтижесінде жүк көлігінің белгіленген салмақтан 92%-ға артық жүк тиегені және тежегіш жүйесінде ақау болғаны анықталды. Чжу тегімен белгілі жүргізуші жол апатына кінәлі деп танылды.

Алайда полиция көлік компаниясы мен мердігер ұйымға айып тақпаған. Осыдан кейін әкесі кәсібін тастап, күн сайын қауіпті жол қиылыстарында кезекшілік етуге кіріскен. Бүгінде ол жүк көліктері жүргізушілерінің жол ережесін бұзған 20-дан астам жағдайын видеоға түсіріп, жазбаларды жол полициясына тапсырған.

"Егер жүргізуші оңға бұрылар алдында көлігін толық тоқтату ережесін қатаң сақтағанда, балам тірі болар еді", – деді қайғыдан қан жұтқан әке.

2 қарашада өткен сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындамай, жауапкершілікті қыздардың анасына жүктеуге тырысқан. Ал У Чжишэн өтемақы талап етіп, жүргізушіге, сақтандыру компаниясына, мердігерге және көлік кәсіпорнына қарсы азаматтық талап-арыз түсіруді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның батысында Toyota Sienna және Niva автокөліктері қатысқан адам өліміне әкелген жол апаты болған еді. Соқтығыс салдарынан көліктердің бірінің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмған.

 

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!