Германия университеттерінде жаппай наразылық акциялары өтуі мүмкін: студенттер сабаққа бойкот жарияламақ

12:04, 9 қараша 2026
MKZ: 1576676

© Сурет: pexels

Германияда студенттік қозғалыс жоғары оқу орындарында ауқымды ереуілдер ұйымдастыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Наразылық акциялары 2026 жылғы 20 қарашада өтеді деп жоспарланған. Бұл туралы немістің Taz басылымы хабарлады.

Белсенділер Германияның 33 қаласындағы 35-ке дейін жоғары оқу орнында ереуіл ұйымдастыруды көздеп отыр. Осы мақсатта акцияға бір апта қалғанда университеттерде жалпы студенттік жиналыстар өткізіліп, білім алушылардан сабақтарды тоқтату жөніндегі бастамаға дауыс беру сұралады.

Егер студенттердің басым бөлігі бұл ұсынысты қолдаса, наразылық күні оқу процесін толық тоқтатуды жоспарлап отыр.

Қозғалыс қатысушыларының талаптары қатарында білім беру саласын қаржыландыруды арттыру, университеттердегі әскери зерттеулерден бас тарту және міндетті әскери қызметті қайта енгізуге жол бермеу бар. Сонымен қатар белсенділер жоғары оқу орындары қызметкерлеріне қысқа мерзімді еңбек шарттарын жасасуға қарсы шығып, ауқатты азаматтарға салық енгізуді талап етіп отыр.

Бұдан бөлек, қозғалыс мүшелері Германия канцлері Фридрих Мерцке бағытталған "Мерц отставкаға кетсін!" деген саяси ұран көтерді.

Айта кетейік, бұған дейін Германияда ондаған мың жас білім беру сапасын жақсартуды, жалдау ақысын төмендетуді және климатты қорғау шараларын күшейтуді талап етіп, көшеге шыққан болатын. Z буыны өкілдерінің наразылық акциялары елдің бірнеше қаласында өтті.

Францияда да наразылық шаралары жалғасып жатыр. 2026 жылғы 5 қарашада кәсіподақтардың шақыруымен мыңдаған адам ереуілге шықты. Қатысушылар жалақыны көтеруді және халықтың сатып алу қабілетін арттыруды талап етті. Ереуілге студенттер мен мектеп оқушылары да қосылды.

 

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!