Ақжүрек Таңатаров әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

08:30, 27 тамыз 2017

Парижде күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында отандасымыз Ақжүрек Таңатаров қола жүлдегер атанды.

Бұл туралы Vesti.kz хабарлады.

Жүлдегер атанып қана қоймай, әлемдегі тәжірибелі балуандардың бірі екенін тағы бір дәлелдеді.

Еркін күрестен 70 келіге дейінгі салмақта белдесетін балуан алғашқы кездесуінде үндістандық Амит Кумарды жеңді. Екінші белдесуінде Рио Олимпиадасында шу шығарып танылған моңғол балуаны Мандахнаран Ганзоригтен айласын асырды. Ширек финалда Ақжүрек италиялық Франк Чамизо Маркесті (чемпион атанды) жеңе алмады. Қарсыласы айқын жеңіске жетті. Кейіннен италиялық балуан финалға шығып, отандасымыз жұбаныш белдесу арқылы қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды.

Жұбаныш белдесуде өзбек Ихтиор Наврузовты 8-5 есебімен жеңді. Естеріңізде болса, мамыр айында өткен Азия чемпионатының финалында екеуі кездескен еді. Онда да отандасымыз жеңіске жетіп, Азия чемпионы атанған болатын.

Қола жүлде үшін таласта Ақжүрек Таңатаров соңғы сәтке дейін күресе білді. Нәтижесінде түрік балуаны Юкуп Горды 4:2 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Ақжүрек Таңатаров – 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Былтыр Риодағы додаға қатысқан жоқ. Биыл отандасымыз жоғары жетістіктерге жетуде.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!