Рухани жаңғыру - елде атқарылып жатқан реформалар жалғасы
Қазақстан жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Саяси-экономикалық жаңғыру өз алдына, елдің рухани өмірін елеулі өзгерістер күтіп тұр. Бүгін Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарыққа шықты. Елбасы ұлттық сананы жаңартып, рухани жаңғырудың қыр-сырын тізбектеп көрсетті. Тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын айқындап берді.
Рухани жаңғыру - кезең-кезеңімен атқарылып жатқан елдегі реформаларыдың жалғасы іспетті. Бұл біздің қоғамға аса қажет дүние. Технологиялық жаңарумен шектеліп қоймай, адамның сана-сезімін қатар жетілдіруге мемлекет баса мән бермек. Мақаланың мазмұны осы төңіректе өрбіді. Елбасы ұлттық сана мен ұшқыр ой, білім мен бәсеке, прагматизм мен ұлттық бірегейлікті сақтау қағидаттарын тізіп берді.
Цитата: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында».
Барлық дүние сана-сезімнен бастау алады. Өрісің неғұрлым кең болса, соғұрлым заман көшіне ілесуге қауқарлысың. Бұл технология, инновацияны да алға тартудың алғышарты болып табылады. Демек, рухани жаңғырудың мәні зор. Есесіне ғалымдар бұл үрдістің елдегі реформалардың барлығымен астасып жатқанын алға тартты.
Тынысбек Шәріпұлы, ҚР ҰҒА академигі:
-Бұрын техиника, экономика бәрін шешеді деп ойлаушы едік. Қазір бәрі өзгеріп жатқан заманда ұлттық сана шешеді. Егер халық өте білімді болса, ол тез кез келген нәрсеге бейімделіп кетеді. Өнеркәсіп, экономика, саясат жөнінен тез бейімделіп кетеді. Сондықтан бірінші жетістікке тез жететін экономика емес, ұлттық сана болады. Білім мен ғылымға көп көңіл бөлініп жатыр.
Таяудағы он жылда өмір салты түбегейлі өзгереді. Елбасы бұған дайын болу керектігін айтты. Сондықтан ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу керек. Себебі бұл – табыстың кілті, озық зерденің басты көрсеткіші. Президенттің айтуынша, жаңғырған қоғамның өзінің рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғыртудың ең басты шарты – сол ұлттық кодты сақтай білу.
Цитата: «Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді. Осының бәрін егжей-тегжейлі айтып отырғандағы мақсатым – бойымыздағы жақсы мен жаманды санамалап теру емес. Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек».
Мақалада руханиятты қайта түлету көзделген. Ол үшін мемлекет басшысы бірнеше бастама көтеріп, жобалар ұсынды. Соның бірі – қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру. Депутат Азат Перуашевтің пікірінше, біздің қоғам мұндай үрдіске дайын. Оның үстіне өскелең ұрпақ латын қаріптерімен таныс. Аға буын өкілдеріне де еш қиындық тудыра қоймайды деген пікірде.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-2013 жылы қолыма біздің отбасымыз 70 жыл бойы іздеген атамыздың құжаттары түсті. Сол құжаттардың арасында өз зайыбына жазған хаттары болды. Бұл хаттар латын қарпімен жазығаннан кейін, кішкене қорқып соны оқуға тырыстым. Қазақ тілінде, бірақ латын әрпімен жазылған. Байқап қарасам, ешқандай қиындығы жоқ. Латын қарпі ашық дүниеге, батыс елдерге жол ашып отыр, одан қорқатын ештеңе жоқ.
Ұлтты ұйыстыратын тағы бір ұсыныс – «Туған жер» бағдарламасы. Мұнда нағыз патриоттық тәрбиенің рухы сезілуде. Есесіне рухани жаңғыру үшін алдағы кезеңде гуманитарлық ғылымдарды жандандыру көзделуде.
Цитата: «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқытуды бастауға тиіспіз. Ол үшін қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру керек. Ол Үкіметтің тапсырысы бойынша 2017 жылдың жазынан тиісті жұмыстарға кірісе бергені жөн».
Бүркітбай Аяған, тарихшы:
-Адамды тәрбилеуге арналған тарих ғылымын дамыту, социология, саясатттану, мәдениеттану сияқты әртүрлі салалар бар. Біз соларды пайдалану арқылы кәдімгі талапқа сай басқа ұлттарға кәдімгі терезесі тең ұлттардың бірі болуымыз керек. Бұл өте маңызды идея, осыны біз ұмытпауымыз керек. Баяғыда кеңес үкіметі кезінде біз туралы малшы, киіз үйден шықпайтын, қолына қамшы ұстайтын көзі сығырайған образ болды. Енді сол шырмаудан революциялық жолмен, үлкен қақтығыстар арқылы емес эволюциялық жолмен шығуымыз керек.
Қазақтың мәдениеті де, руханияты да өте бай. Көне шаһарлар, кесенелер, қорғандар, ескерткіштер мен жәдігерлер жетіп артылады. Халқымыз тарихи тұлғалардан да кенде емес. Бірақ бір жағынан жұртымыздың замананың да көшін бастайтын қаһармандары бар. Бүгінгі күннің белсенділерін елге таныту мақсатында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы жүзеге аспақ. Патриоттық тәрбие, білімге ұмытылысты күшейту, көпшіліктің ой-өрісін кеңейтді көздеген бастамалардың дені – жастар үшін! Демек, мақаланың өскелең ұрпаққа берері көп.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
-Бұл тек мақала ғана емес. Бұл мазмұны терең, ауқымы өте кең ұлт руханиятын 21-ғасырдың биігіне шығаратын үлкен бағдарламалық құжат. Тәуелсіз Қазақстанның жастары, Елбасының жүрегінен шыққан ең асыл сөздер сіздерге арналады. Егер сіз 21-ғасырда халқыңызға пайда келтіргіңіз келсе, халқыңыздың атын дүние жүзіне шығарғыңыз келсе ең алдымен ұлт руханиятынан бастау алуларыңыз керек.
Ұлт руханиятын топтастыратын тағы бір жоба – «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары». Жат идеологияларға төтеп беруде олардың алар орны айрықша. Ұлттық бірегейлігіміз де осы құндылықтардан табылады. Демек, әлемді де осы арқылы да мойындатуға болады.
Цитата: «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек».
Дамудың діңгегі рухани байлықтардан басталары хақ. Ол мәдени, тарихи құндылықтармен сабақтасады. Демек, оны жаңғырту – заман талабы. Бұл өркениетті елдер қатарына қосылу үшін де маңызды. Мақаланың мақсаты да сол – қоғамға рухани серпіліс беріп, оны заман көшіне ілестіру.
Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Ерсін Мұханбеталин
Источник: khabar.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
21:36, 17 қараша 2025
Тоқаев Мирзиёевке қонақжайлылығы үшін алғыс айтып, Өзбекстанға жасаған сапарының тарихи мәніне тоқталды
-
17:07, 17 қараша 2025
Қазақстан мен Эстония президенттері келіссөз жүргізді
-
16:45, 17 қараша 2025
Ақордада Эстония президентін салтанатты түрде қарсы алды
-
13:23, 15 қараша 2025
Тоқаев пен Мирзиеев қандай құжаттарға қол қойды
-
10:35, 15 қараша 2025
Тоқаев Мирзиеевмен келіссөз жүргізді





