Н.Назарбаев: Қазақтың тарихи Отаны біреу ғана, ол – Қазақстан

12:51, 23 маусым 2017

Бүгін Астанада Елбасының төрағалығымен Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайы жұмысын бастады. Жиынға 750-ге жуық қонақ келіп отыр. Оның ішінде 39 елге тарыдай шашылып кеткен 350-дей ағайын бар. Олардың дені – ғылыми-шығармашылық және педагогикалық зиялы қауым өкілдері, бизнес, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары салаларының мамандары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері.

Құрылтай делегаттарының 80 пайызы мұндай іс-шараға алғаш рет қатысып отыр. Олар әлемнің сегіз елінен келген. Жапония, Корея Республикасы, Италия, Ирландия, Черногория, Польша, Әзербайжан және Молдовадан.

Шара бағдарламасының негізі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған тұжырымдамалық идеяларына құрылған. Айта кетейік, 1992 жылдан бері өткізіліп келе жатқан құрылтай дүниежүзінің түкпір-түкпірінде тұратын этникалық қазақтардың кездесу орны әрі бірегей сұхбат алаңы болып табылады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ардақты ағайын! Құрметті бауырлар! Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына келген баршаңызға қазақтың қастерлі атажұрты - Қазақ еліне, оның бас ордасы Астанамызға қош келдіңіздер деп қуанышымды білдіремін. Қайда жүрсе де қазақтың тарихи Отаны біреу ғана, ол – Қазақстан. Атамекеніміз жалғыз, ол - бір уыс топырағына дейін қасиетті біздің Ұлы дала - Қазақ еліміз. Бүгінгі басқосуға негізінен жас буын қатысып отыр, себебі жас ұрпақ түбі, негізі қазақ екенін ешқашан ұмытпайды, олардың ата-аналарына үлкен рақметімізді айтамыз сол үшін. Олар бір тамырын тарихи Отанына жаюды ойлайды. Туған елімен байланысын нығайтып, ата салтын сақтап, ана тілін ұмытпауға тырысады. Құрылтай баламалы энергия бойынша жер жүзінің инновациялық жетістіктерін паш ететін ЭКСПО-2017 көрмесіне орай өтуде. Біз әдейі осылай байланыстырдық. Себебі бұл Қазақстанның мерейін асырып, күллі әлемнің назарын аударатын шара болып отыр. Біз бауырларымыз бүгінгі атажұртының келбетін көріп, марқайсын, ой түйсін деп сіздерді ЭКСПО-ға орай шақырдық. Бар болғаны 15 жылда бой көтеріп, дүниені таңғалдыратын елордамыз Астананың өркендеуін көрсін деп, қуансын деп ойладық. 

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!