Жетісу облысында түн ортасында бөтеннің үйіне кіріп барған әкім жазаланды

18:47, 18 қараша 2024

© Сурет: Zakon.kz

Жетісу облысы Аксудың аудандық сотында 18 қарашада ауыл әкімі мен әкімдік қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. Оларға топ болып, түнгі уақытта бөтеннің үйіне кіріп барып, қол сұғылмаушылық бабын бұзды деген айып тағылған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың тамыз айында түнгі уақытта ауыл әкімі мен әкімдік қызметкері жәбірленушінің үйіне келіп, асхана терезесіндегі қорғаныс торын алып тастап, үйге заңсыз кірген. Осылайша, олар тұрғын үйдің қол сұғылмаушылық құқығын бұзған0

Сотталушылардың кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, жәбірленушінің және куәгерлердің айғақтарымен, сондай-ақ басқа да материалдармен расталды.

Жасалған қылмыстық құқықбұзушылық ауыр емес қылмыстар санатына жатады. Сотталушылардың бұрын сотталмағаны және олардың кәмелетке толмаған балаларының болуы жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Осыны ескере отырып, сотталушылар тағылған айып бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Аталған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тек тұрғын үйдің қол сұғылмаушылығын бұзу фактісі бойынша жүргізіліп, көрсетілген тұлғалар прокурормен ҚК 149-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа берілген. Қылмыстық-процестік кодекс талаптарына сәйкес, сот айыптау шеңберінен шығып, сотқа берілген айыптаулардан тыс шешім шығара алмайды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!