Жәбірленушілер қатарында әкімдер мен депутат бар: Оралда блогер сотталып жатыр
© Сурет: Zakon.kz/Карина Адильбекова
Орал қаласында 43 жастағы блогер Айболат Бүкеновке қатысты сот процесі басталды. Ол алаяқтық, бопсалау және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру баптары бойынша айыпталып отыр, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Істе жәбірленушілер қатарында Тасқала, Сырым және Ақжайық аудандарының әкімдері, Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары, Жаңақала ауданы әкім аппаратының басшысы, Сырым ауданының сәулет бөлімінің жетекшісі, сондай-ақ депутат Борис Лаврентьев бар.
Іс материалдарына сәйкес, Бүкенов әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізіп, Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының мәселелерін көтеріп, жергілікті билікті сынға алған. Осы арқылы ол айтарлықтай аудитория жинай алған.
Тергеу нұсқасы бойынша, кейін блогер өзінің танымалдылығын жеке пайдасына іске асыра бастаған. Алғашқы эпизодтардың бірі 2025 жылдың сәуір айына жатады. Су тасқынынан зардап шеккен өңір тұрғыны Бүкеновке жүгінген. Ол бұл жағдайға қоғамдық резонанс тудырып, жаңа баспана алуға көмектесемін деп уәде беріп, 170 мың теңге сұраған. Әйел ақшаны аударғанымен, уәде етілген көмек көрсетілмеген.
Тағы бір эпизод Бүкеновтің танысының кітабын шығаруға қаржы жинауымен байланысты. Алғашында жиналған қаражат авторға берілген, алайда блогер кейін де бұл ісін жалғастырып, бірқатар шенеуніктер мен депутаттан қаржылай көмек сұраған. Олардың әрқайсысы 50 мыңнан 200 мың теңгеге дейін аударған.
Сонымен қатар, іс материалдарында мынадай жағдай да бар: Бүкенов мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының өңірге келетінін біліп, Сырым және Тасқала аудандарының әкімдеріне қабылдауды ұйымдастыру қажет екенін хабарлаған. Әкімдерден алынған 90 мың теңгені ол өз қалауынша жұмсаған.
Бопсалау дерегі
Бопсалау эпизоды Жаңақала ауданы әкім аппаратының басшысына қатысты. Блогер әлеуметтік желілерде жергілікті билікке қарсы сын жазбаларын жариялап, оларды өшіру үшін 1 млн теңге талап еткен. Соманың бір бөлігі аударылғаннан кейін жәбірленуші ҰҚК-ге жүгінген. Келесі траншты алу кезінде Бүкенов ұсталған.
Орал қаласы прокуратурасының мемлекеттік айыптаушысы Асхат Тілеулиевтің айтуынша, алынған қаражаттың бір бөлігін айыпталушы букмекерлік кеңселердегі бәс тігулерге жұмсаған. Жалпы алғанда, ол құмар ойындарға 830 мың теңге салып, 1,2 млн теңге ұтып алған. Бұл жағдай қылмыстық табысты заңдастыру айыбын тағуға негіз болған.
"Осылайша, Айболат Бүкенов "Алаяқтық", "Бопсалау" және "Қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге мүлікті заңдастыру" баптары бойынша қылмыстық құқықбұзушылық жасады. Айыптауды толық көлемде қолдаймын", –деді Орал қаласы прокуратурасының мемлекеттік айыптаушысы Асхат Тілеулиев.
Сот барысында жәбірленушілерден жауап алынып, олар залалды өтеу туралы азаматтық талап-арыздар ұсынды. Ал жаза түрін соттың қарауына қалдырған.
Айболат Бүкенов кінәсін толық мойындады, осыған байланысты сот процесі қысқартылған тәртіппен өтуде. Келесі сот отырысы 30 қаңтарға белгіленген, онда тараптардың сөз жарысы басталады.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
17:57, 29 қаңтар 2026
Кәмелетке толған балаларға еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауды міндеттеу ұсынылды
-
17:34, 29 қаңтар 2026
Өлім жазасына тыйым салуды Конституция деңгейінде бекіту ұсынылды
-
17:29, 29 қаңтар 2026
Қарағанды облысының әкімі жаңа қоғамдық қызметке тағайындалды
-
17:23, 29 қаңтар 2026
Алматыда студенттер есірткі қылмысының жолын кесуге ат салысып, арнайы марапатқа ие болды
-
17:00, 29 қаңтар 2026
Енді жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұл төленбесе бірқатар қызметтер көрсетілмейді - жаңа заң жобасы





