Жамбыл облысында есірткі сатумен айналысқан топтың ұйымдастырушысы сотталды

11:26, 2 шілде 2026

© Фото: Zakon.kz

Жамбыл облысында есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топ ұйымдастырушысы 17 жылға сотталды.

Полиция қызметкерлерімен 2025 жылы Тараз және Алматы қалаларында есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымының жолын кесуге бағытталған ауқымды арнайы операция жүргізілді. Жедел-іздестіру іс-шаралары мен тергеу әрекеттері кешені нәтижесінде аса ірі мөлшерде есірткі құралдары мен психотроптық заттарды заңсыз сақтап, өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленіп, жолы кесілді.

Санкцияланған тінту барысында дәріханалардан 364 трамадол ампуласы, 1869 құты тропикамид, 412 дана сомнол таблеткасы, 72 дана димедрол таблеткасы, сондай-ақ 17,16 грамм оксивин заты тәркіленді. Аталған дәрілік препараттар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айналымы қатаң бақылауда болатын күшті әсер ететін заттардың қатарына жатады. Оларды тиісті рұқсат құжаттарынсыз сақтау және өткізуге тыйым салынған.

Аса ірі мөлшерде есірткі құралдары мен психотроптық заттарды заңсыз сақтау және өткізу фактісі бойынша ҚР ҚК 297-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қылмыстық схеманы Тараз қаласының 60 жастағы тұрғыны ұйымдастырып, қылмыстық топқа жетекшілік еткені анықталды. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 262-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс тергелді.

Оның екі сыбайласына қатысты ҚР ҚК-нің 262-бабының 2-бөлігімен қосымша тергеу жүргізілді. Сот үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың ұйымдастырушысы 17 жылға, ал екі сыбайласы 15 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!