Қазақ әдебиетіне деген сүйіспеншілік мектеп түлегіне ҰБТ-дан 140 балл жинауға көмектесті

12:32, 2 шілде 2026

© Сурет: gov.kz

Қызылорда облысының тұрғыны Балхан Әлфия Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) негізгі кезеңінде 140 баллдың иегері атанды.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдеде Қызылорда өңірлік тестілеу орталығында Әлфия "Қазақ тілі – Қазақ әдебиеті" пәндер комбинациясын таңдап, ҰБТ тапсырды.

Тестілеу қорытындысы бойынша ол 138 балл жинаған.

Кейін Әлфия ҚАЗТЕСТ сертификатын пайдаланып, "Қазақ тілі" пәні бойынша балдарын конвертациялады. Соның нәтижесінде оның жалпы көрсеткіші 140 баллға жетті.

"Мен ҰБТ-ға мақсатты түрде 11-сыныптың алдында дайындала бастадым. Арманым – педагог, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болу. Бала кезімнен қазақ классиктерінің шығармаларын оқуға қызығамын. Ең сүйікті туындым – Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" романы. Әдебиетке деген сүйіспеншілігім мені ұстаздық жолды таңдауға, туған тілімізге деген құрметті кейінгі буынға жеткізуге шабыттандырды. Маған әрдайым қолдау көрсетіп, жігерлендірген және ҰБТ-ға дайындалуыма көмектескен ата-анама және ұстаздарыма алғысымды білдіремін", – деді Әлфия.

Айта кетейік, бұған дейін 26 мамырда Павлодар облысының түлегі Әсет Алтайыр да ҰБТ-дан 140 балл жинаған болатын.

Жалпы негізгі ҰБТ басталғалы жеті апта ішінде тестілеу шамамен 340 мың рет тапсырылды. Талапкерлердің 70 пайызы шекті балдан өтті. Бес пән бойынша орташа нәтиже 66 балды құрады.

Негізгі ҰБТ-ға қатысу үшін 240 мыңға жуық талапкер өтініш берген. Екі мүмкіндік ескерілгенде, барлығы 446 мыңнан астам өтініш қабылданды. ҰБТ 10 шілдеге дейін жалғасады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!