Ұлыбританияда темір дәуіріне тән ерекше жауынгерлік керней табылды

12:36, 8 қаңтар 2026

© Сурет: wikipedia

Ұлыбританияның Норфолк өңірінде археологтар темір дәуіріне жататын ерекше жауынгерлік кернейді тапты. Бұл олжа аңызға айналған жауынгер патшайым Боудикка басқарған кельт тайпасымен байланысты болуы мүмкін, деп хабарлайды Zakon.kz.

The Guardian басылымының жазуынша, қоладан жасалған бұл керней карникс деп аталады. Ол – Британия аумағында табылған үшінші карникс әрі әлем бойынша анықталған ең жақсы сақталған үлгі саналады. Аталған аспап римдік әскердің басып кіруіне қарсы күрес кезеңінде қолданылған болуы ықтимал.

Жабайы аңның ақырып тұрған бейнесінде жасалған карникс шайқас кезінде қорқынышты дыбыстар шығарып, қарсыластың зәресін алу үшін пайдаланылған.

Бұл жәдігер өткен жазда Батыс Норфолкта жаңа тұрғын үй кешенін салуға дайындық кезінде жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылды. Ол темір дәуіріне тән әскери бұйымдар жинағының ішінен шыққан. Жинақ құрамында сондай-ақ қабанның басы бейнесіндегі қоладан жасалған жауынгерлік ту (Британия үшін бірегей олжа) болған.

Археологтардың болжамынша, бұл қазына біздің заманымыздың I ғасырында жерге көмілген.

Pre-Construct Archaeology компаниясының атқарушы директоры Марк Хинман бұл олжаны "өмірде немесе кәсіби мансапта бір-ақ рет кездесетін ерекше табыс" деп бағалады.

Оның айтуынша, бұл олжаның Британияның темір дәуірінен белгілі санаулы тарихи тұлғалардың бірі – Боудиккамен байланысы болуы мүмкіндігі оны одан әрі құнды әрі айрықша етеді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!