Астанада ер адам тұрғындарды университетке түсіремін деп алдаған

19:15, 8 қаңтар 2026

© Сурет: polisia.kz

Астанада тұрғындарды жоғары оқу орнына түсіремін деп алдаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Zakon.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Астанада полиция қызметкерлері алаяқтық дерегі бойынша 28 жастағы күдіктіні ұстады. Тергеу барысында күдіктінің тұрғындарды жоғары оқу орнына түсуге жәрдемдесемін деген жалған уәде беріп алдағаны белгілі болды.

Атап айтқанда, ЖОО оқуға түсіруге ықпал ете алатын адам ретінде таныстырып, жәбірленушінің сеніміне кірген. Күдікті аталған сылтаумен жәбірленушіден 1 млн теңге көлемінде ақша қаражатын алған, алайда уәде етілген қызметті орындамаған және қаражатты қайтармаған. Уақыт өте келе алданғанын түсінген жәбірленуші құқық қорғау органдарына арызбен жүгінген.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

"Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің алаяқтық бабына сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Тергеу аясында күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатыстылығы бар-жоғы тексеріліп жатыр", - делінген хабарламада.

Полиция азаматтарды сақ болуға, жоғары оқу орындарына түсу мәселесінде бейресми адамдардың қызметіне сенбеуге, тек қабылдау комиссияларының ресми ақпарат көздеріне жүгінуге және күмәнді ұсыныстарға келіспеуге үндеді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!