Украина бойынша байланыстар жаңа форматқа өтті: Кремльдегі кездесу жайлы белгілі болды
© Сурет: kremlin.ru
2026 жылғы 22 қаңтарда Ресей президенті Владимир Путин Кремльде АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффты қабылдады. Кездесуге қатысқан Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков 23 қаңтар күні тараптардың не жөнінде келіскенін айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Кремльдің ресми сайтында көрсетілгендей, ресейлік делегация құрамында Юрий Ушаковпен бірге президенттің шетел елдерімен инвестициялық-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі, РФ Тікелей инвестициялар қорының (РФПИ) бас директоры Кирилл Дмитриев те болды. АҚШ тарапынан кәсіпкер, инвестор, Affinity Partners компаниясының негізін қалаушы Джаред Кушнер және Ақ үйдің аға кеңесшісі, АҚШ Жалпы қызметтер басқармасының Федералдық сатып алу қызметінің комиссары Джош Грюнбаум қатысты.
Юрий Ушаковтың айтуынша, келіссөздер шамамен төрт сағатқа созылып, өте мазмұнды, сындарлы әрі барынша ашық және сенімді жағдайда өткен.
"Кездесуге қатысушылар Давостан келді. Мәскеуге ұшып келерге дейін олар өз президенті Дональд Трамппен бірге бірқатар іс-шараларға, соның ішінде Украинадағы реттеу мәселесіне қатысты жиындарға қатысқан. Олар АҚШ президентінің Давоста Украина президенті Владимир Зеленскиймен өткен кездесуіне қатысты өз әсерлері мен тың бағаларын тікелей жеткізді. Бұл кездесуге Уиткофф та, Кушнер де жеке өздері қатысқан", – деді Ушаков.
Оның айтуынша, Кремльдегі кездесу америкалықтардың украин және еуропалық әріптестерімен болған байланыстарының нәтижелері туралы ақпарат алу және алдағы қадамдардың параметрлерін бірлесіп айқындау мақсатында арнайы ұйымдастырылған.
"Осы бағыттағы келесі қадам да келісілді. Бүгін, яғни жұма, 23 қаңтар күні Абу-Дабиде қауіпсіздік мәселелері жөніндегі үшжақты жұмыс тобының алғашқы отырысы өтеді. Оған Ресей, АҚШ және Украина өкілдері қатысады. Сонымен қатар Абу-Дабиде экономикалық мәселелер бойынша екіжақты топтың жетекшілері де кездеседі. Бұл – Ресей мен АҚШ арасындағы топ, оған Кирилл Дмитриев пен Стив Уиткофф кіреді", – деп жалғастырды Ушаков.
Ресей тарапынан келіссөздер тобына Қорғаныс министрлігі басшылығының өкілдері, оның ішінде Бас штабтың бас басқармасының бастығы, адмирал Костюков жетекшілік ететін құрам енгізілген.
"Ресей делегациясы АҚШ өкілдерімен өткен әңгімедегі барлық жайттарды ескере отырып, президенттен нақты нұсқаулар алды. Ең бастысы – келіссөздер барысында Анкориджде келісілген формула бойынша аумақтық мәселе шешілмейінше, ұзақ мерзімді реттеуге қол жеткізу мүмкін еместігі тағы да атап өтілді", – деді Путиннің көмекшісі.
Кремльдегі кездесуде Дональд Трамптың Бейбітшілік кеңесін құру жөніндегі бастамасы, аймақтық мәселелер және Гренландия төңірегіндегі жағдай да талқыланды.
"Бейбітшілік кеңесіне қатысты пікір алмасу кезінде біздің осы құрылымның бюджетіне АҚШ-тың бұрынғы әкімшілігі тұсында бұғатталған ресейлік активтер есебінен 1 миллиард доллар бөлуге дайын екеніміз атап өтілді. Ал АҚШ-та бұғатталған резервтеріміздің қалған бөлігін Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келісім жасалғаннан кейін соғыс салдарынан зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіруге бағыттауға болады. Бұл тақырыптағы талқылау екіжақты экономикалық топ аясында жалғасады", – деді Ушаков.
Сондай-ақ кездесуде Ресей мен АҚШ тараптары Украина мәселесі бойынша да, басқа тақырыптар бойынша да алдағы уақытта тығыз байланыстарды сақтауға келіскені айтылды.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
19:33, 23 қаңтар 2026
Павлодар облысында көлік жөндеген үш тұрғын газдан уланды
-
19:20, 23 қаңтар 2026
Рудныйда кісі өлтірді деген күдікке ілінген жасөспірімдерге қатысты істің мән-жайы белгілі болды
-
19:00, 23 қаңтар 2026
«Өз мүмкіндігімді жақсы бағалаймын». Сәпиев өзінің орынбасарына қатысты болған оқиғаға пікір білдірді
-
19:00, 23 қаңтар 2026
Серік Сәпиев өзінің орынбасарына қатысты болған оқиғаға пікір білдірді
-
18:40, 23 қаңтар 2026
Алматыда қар мен аяз қаңтардың соңына дейін сақталады





