Алматыда 2026 жылы корпоративтік табыс салығын кім және қалай төлейтіні айтылды
© Сурет: Zakon.kz
2026 жылы Қазақстанда корпоративтік табыс салығына (КТС) қатысты өзгерістер күшіне енді. Олар салық мөлшерлемелерін, төлеушілер шеңберін, шегерімдер мен жеңілдіктерді, сондай-ақ төлеу тәртібін қамтиды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Жаңа Салық кодексіндегі негізгі жаңашылдық туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық мониторинг басқармасының басшысы Дәурен Қаймұхаметов баяндады.
Корпоративтік табыс салығы бұрынғыдай бюджет кірісінің негізгі көзінің бірі болып қалды. Оны төлейтіндер – Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғалары, сондай-ақ тұрақты мекеме арқылы қызметін жүзеге асыратын немесе ҚР-дағы көздерден табыс алатын бейрезиденттер. Бұл ретте мемлекеттік мекемелер КТС төлеуден босатылған, орта білім беретін мемлекеттік мектептер салық төлеуші емес ұйым қатарынан шығарылды.
Негізгі жаңашылдықтың бірі – сараланған мөлшерлемелердің енгізілуі. Базалық мөлшерлеме 20% деңгейінде сақталғанымен, кейбір салада ол өзгертілді. Банктік қызмет (бизнеске кредит беруді қоспағанда) пен ойын бизнесіне 25% мөлшерлеме бойынша салық салынады. Білім беру мен медицинаны қоса алғанда, әлеуметтік салаға мөлшерлеме биыл 5% болып белгіленіп, 2027 жылдан бастап 10%-ға дейін өседі. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 3%, ауыл шаруашылығы кооперативтері 6% төлейді.
Жаңа Салық кодексінде КТС бөлімі қайта құрылды: кірістер мен шегерімдер қызмет түрлері бойынша жүйеленді, ал жиынтық жылдық табысқа енгізілмейтін кірістер жеке баптарға бөлінді. Сондай-ақ цифрлық активтерден, майнингтен, цифрлық биржалардан алынатын пайда, көмірсутектермен операциялар, полигондардың жою қорлары қаражатын нысаналы емес пайдалану нәтижесіндегі табыс және қорлар құнының өсімінен түсетін табыс сияқты кірістердің жаңа түрлері бекітілді.
ҚҚС бойынша, басқару органдары мүшелерінің іссапар шығындарын өтеу, өзара байланысты бейрезиденттермен операциялар, есептен шығарылған талаптар және кейінгі шығыстар бойынша жекелеген шегерімдер егжей-тегжейлі регламенттелді. Сонымен қатар негізгі құралдар бойынша қолданыстағы амортизация нормалары сақталып, жөндеу шығыстарын есепке алудың тәртібін таңдауға – бір жолғы шегеру немесе активтің құнын арттыру арқылы құқық берілді.
"Сонымен бірге шегерімге жатпайтын шығыстарға қойылатын талаптар қатаңдатылды. Жалған операциялар бойынша шығындар, сондай-ақ декларация негізіндегі оңайлатылған салық режимін қолданатын тұлғалардан сатып алынған тауарлар мен қызметтерге жұмсалған шығыстар есепке алынбайды", – деп атап өтті Дәурен Қаймұхаметов.
Салық салынатын табысты азайту тәртібі де өзгерді. Атап айтқанда, лизингтік сыйақылар бойынша азайту көлемі қысқартылды, мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша кірістер алынып тасталды, бірақ борыштық құралдар құнының өсімінен алынатын табыс қосылды. Ғылым саласындағы бизнеске берілетін ынталандыру айтарлықтай күшейіп, ҒЗТКЖ-ға (НИОКР) жұмсалған шығыстар бойынша шегерім 50%-дан 200%-ға дейін ұлғайтылды.
Алғаш рет қызмет түрлері бойынша залалдар егжей-тегжейлі регламенттеліп, оларды көшіру мен өтеу тәртібі белгіленді. Сонымен қатар КТС бойынша бірқатар салықтық жеңілдіктер жойылды, оның ішінде банктерге, ұлттық компанияларға арналған жекелеген преференциялар және қайта ұйымдастыру кезіндегі инвестициялық жеңілдіктер бар. Дегенмен арнаулы экономикалық аймақтар үшін, Astana Hub қатысушыларына, инвестициялық жобаларға, теңіз тасымалдаушылар мен ұлттық фильмдердің құқық иелеріне арналған негізгі жеңілдіктер сақталды.
"Мүгедектігі бар адамдар жұмыс істейтін ұйымдарға ерекше назар аударылды. Олар үшін қызметкерлер саны, кірістер құрылымы мен еңбекақы қоры бойынша критерийлер қатаң сақталған жағдайда салық жеңілдігі қалдырылды. Мүгедектігі бар қызметкерлердің санына байланысты мұндай ұйымдар КТС-ті 50%-ға азайтуға немесе салықтан толық босатылуға құқылы", – деді Дәурен Қаймұхаметов.
Сондай-ақ КТС бойынша аванстық төлемдерді төлеу тәртібі өзгертілді. Оларды төлеу шегі 600 мың айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін ұлғайтылды, декларация тапсырылғанға дейін аванстық төлемдерді есептеу нысаны алынып тасталды, ал бірінші тоқсан үшін есептеуді енді мемлекеттік кірістер органдары жүргізеді. Бұдан бөлек, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ірі кәсіпкерлік субъектілерінің барлығы КТС-ті тек республикалық бюджетке төлейді, бұл бюджеттік сыныптама кодтарының өзгеруіне әкелді.
Спикердің айтуынша, жаңа жағдайларда қателіктерге жол бермеу үшін салық төлеушілерге салықты төлеу кезінде есептелген сомалар мен бюджеттік сыныптама кодтарын мұқият тексеру ұсынылады.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
22:01, 22 қаңтар 2026
«Қайраттың» екі түлегі «Брюггеге» қарсы матчта дебют жасады
-
21:46, 22 қаңтар 2026
Шығыс Қазақстанда жасөспірімдер бірнеше азық-түлік киоскілерін тонап кеткен
-
21:02, 22 қаңтар 2026
«Алматы-Ташкент» тасжолында жеңіл көлік арыққа түсіп кетті
-
20:30, 22 қаңтар 2026
Қарин республикалық этномәдени бірлестіктердің басшыларымен кездесу өткізді
-
20:20, 22 қаңтар 2026
Қазақстандық спортшы тау шаңғысынан Италиядағы жарыста топ жарды





