Тоқаев ТМД елдерінің үздік индустриялық-технологиялық жобаларының тізімін жасауды ұсынды
© Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында 2027–2030 жылдарға арналған үздік индустриялық-технологиялық жобалардың тізімін жасақтауды ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Ресей бағытында, сондай-ақ Өзбекстан және Қырғызстанмен шекара маңында индустриялық-сауда орталықтарының желісін құрып жатыр. Өнеркәсіп пен сауда саласындағы ынтымақтастықты нығайту үшін құқықтық база жасалған.
"ТМД кеңістігінің біраз бөлігінде іскерлік байланыстарды дамытуға және жаңа өндіріс орындарын ашуға арналған заманауи инфрақұрылым қалыптасып келеді. Енді осы әлеуетті барынша ұтымды пайдалану керек. Басқаша айтқанда, өзара сауда-саттықтағы негізсіз, қолдан жасалған кедергілерден арылған жөн. Қызметтер нарығын кеңейтіп, инвестицияға қолайлы жағдай жасау қажет. Достастық аясында бірлескен ірі бастамаларды жүзеге асыру аталған жұмыстың қисынды жалғасы болуға тиіс. Осы орайда, ТМД елдерінің 2027–2030 жылдарға арналған үздік индустриялық-технологиялық жобаларының тізімін жасақтауды ұсынамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қосылған құны жоғары өнім өндіруге баса назар аудару қажет екенін атап өтті.
"Бұл экономикаға серпін беретін жаңа нысандарды құруға септігін тигізеді. Сонымен қатар Қазақстан осы міндеттердің күрделі екенін ескере отырып, экономикалық саладағы артықшылықтары мен жетістіктерін тиімді пайдалану мүмкіндігінен бас тартпайды және прагматикалық ұстанымында қала береді. Аталған іске даму институттары, қаржы ұйымдары және бизнес атсалысуы керек", – деді Президент.
Көлік байланысын дамыту және транзит әлеуетін нығайту ынтымақтастықты кеңейтудің тағы бір перспективті бағыты ретінде аталды.
"Қазақстан үшін Солтүстік – Оңтүстік, Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәліздері, сондай-ақ Транскаспий бағыты басты күре жолдар саналады. Оларды бір-бірімен үйлесімді ұштастыра білсек, құрлық арқылы жүк тасымалының тиімділігі айтарлықтай артады. ТМД-ға мүше мемлекеттер аумағы арқылы өтетін басты көлік жолдарын ұштастыру тұжырымдамасы осы мақсатқа қызмет етпек. Аталған құжат биыл мамыр айында еліміздің бастамасымен қабылданған еді", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның осы тұжырымдаманы жүзеге асыруға нақты үлес қосып жатқанын айтты.
"Тамыз айында жалпы ұзындығы 1,5 мың шақырымнан асатын Арал – Каспий магистралінің құрылысы басталды. Аталған стратегиялық жоба пайдалануға берілген кезде Қытайдан Еуропаға дейінгі автожол шамамен мың шақырымға, ал транзит жүктерді жеткізу мерзімі үш тәулікке дейін қысқарады. Басқа да ірі жобалар бойынша жұмыс жалғасып жатыр", – деді Президент.
Мемлекет басшысы жүк тасымалын цифрландыру, электронды құжат айналымы және шекарадағы рәсімдерді үйлестірудің маңызына да тоқталды.
"Бұл ретте "Жұмсақ инфрақұрылым", яғни жүк тасымалын цифрландыру, электронды құжат айналымы және шекарадағы рәсімдердің үйлесімділігі зор рөл атқарады. Басты мақсат – "Бірыңғай цифрлық дәліз" қалыптастыру. Біздің ұсынысымыз бойынша Өзбекстанмен және Қырғызстанмен рұқсат құжаттарын электронды форматта алмасу жолға қойылды. Ресей және Беларусь елдерімен де дәл осындай жұмыс жүргізіліп жатыр. Ресей тарапымен бірлесіп биыл мамыр айында жүргізушісіз жүк көліктерімен алғашқы трансшекаралық жүк тасымалы ұйымдастырылды. Анағұрлым тиімді шешімдерді ТМД аумағында жаппай тарату қажет деп санаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
15:59, 9 қазан 2026
9 қазандағы саудада доллар бағамы өсуін жалғастырды
-
15:50, 9 қазан 2026
Ресейдегі оба мен Тайландтағы егеуқұйрық безгегі: қазақстандықтарға да қауіп төне ме
-
15:44, 9 қазан 2026
Қауіпті қалдықтарды заңсыз өңдеп, жүздеген миллион теңге тапқан кәсіпкер табысынан айырылды
-
15:35, 9 қазан 2026
Қалың қар, нөсер жаңбыр және +28°C: демалыс күндері Қазақстанда ауа райы қандай болады
-
15:23, 9 қазан 2026
Қазақстанда пойызды айдап әкетуге бола ма және ол үшін қандай жаза қарастырылған





