Тоқаев ШЫҰ Даму банкінің штаб-пәтерін Қазақстанда орналастыруға дайын екенін мәлімдеді

12:31, 1 қыркүйек 2026
MKZ: 1564553

© Сурет: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар ұсыныс айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысының сөзінше, елдердің бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде ШЫҰ кеңістігіндегі өзара тауар айналымы бір триллион долларға жуықтады. Дегенмен ұйымға мүше мемлекеттер экономикалық ықпалдастықтың әлеуетін әлі де толық пайдаланып отырған жоқ.

"ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ресурстық, өндірістік және технологиялық әлеуетін барынша пайдаланып, жаңа өсім бағыттары мен орнықты іскерлік байланыстарды түзу маңызды. Қазақстан ШЫҰ-ның кең ауқымды сауда-инвестициялық кеңістігі қалыптасқанын қалайды", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев кедергілері барынша азайтылған, цифрлық рәсімдер мен көлік-логистика байланыстары дамыған орта қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, енді уағдаластықтардан нақты жобаларды жүзеге асыруға көшкен жөн.

Осы ретте Мемлекет басшысы пилоттық жоба ретінде индустриялық консорциумдар тетігін енгізуді ұсынды. Бұл тәсіл жекелеген мемлекеттерге басқа қатысушыларды күтпей-ақ, жүзеге асыруға дайын жобаларды қолға алуға мүмкіндік береді. Нәтижелі бастамаларды кейін бүкіл ұйым аумағына таратуға болады.

Президент қазіргі шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтарының негізінде ШЫҰ-ның трансшекаралық сауда аймақтарын іске қосуды ұсынды. Мұндай алаңдарда тауар алмасудың оңтайландырылған тәртібін, цифрлық рәсімдер мен заманауи есеп айырысу тетіктерін сынақтан өткізуге болады.

Мемлекет басшысы толыққанды инвестициялық жүйе қалыптастыруды тағы бір басым бағыт ретінде атады. Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру жөніндегі бастамасын қолдайды.

"Қаржы ұйымының ресурсын, ең алдымен, инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіп жобаларына бағыттаған жөн. Мүше мемлекеттердің ортақ ұйғарымы болған жағдайда, Қазақстан аталған институтты, оның штаб-пәтерін өз аумағында орналастыруға дайын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!