Тоқаев: инфляцияға тәуелді емес бір ғана капитал бар – бұл адам әлеуетінің сапасы

13:51, 30 маусым 2026

© Фото: Zakon.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында адам капиталын дамыту Қазақстанның басты стратегиялық басымдықтарының бірі екенін мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, қазіргі заманда елдің дамуы табиғи ресурстарға немесе халық санына ғана емес, ең алдымен азаматтардың білімі мен әлеуетіне байланысты.

"ХХІ ғасырда шикізатқа немесе халық санына ғана сеніп отыра беруге болмайды. Мұндай ұстаным кез келген мемлекетті жарға жығады. Мен бұл туралы үнемі айтып келемін. Қазір де қайталаймын: инфляцияға тәуелді емес бір ғана капитал бар: бұл – адам әлеуетінің сапасы", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, осыған байланысты мемлекет ғылым мен білімге, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қолдау салаларына басымдық беріп келеді.

Президент биыл бұл бағыттарға 19 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланғанын айтты. Оның айтуынша, бұл – мемлекеттік бюджет шығыстарының жартысынан астамы.

"Қазақстан – әлеуметтік салаға айрықша мән беріп, жүйелі әрі байыпты саясат жүргізіп келе жатқан әлемдегі аз ғана мемлекеттің бірі", – деді Президент.

Мемлекет басшысы Парламенттің әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға және қоғамда әділдік қағидатын орнықтыруға қосқан үлесін жоғары бағалады. Сонымен қатар ол әділеттіліктің басты өлшемі барлық азаматқа тең мүмкіндік жасау екенін атап өтті.

"Шынайы әділеттілік дегеніміз ел игілігін бәріне бірдей бөліп бере салу емес. Нағыз әділеттілік – әрбір азаматқа тең мүмкіндік беретін тиімді әрі мұқият ойластырылған жүйе құру деген сөз. Ең бастысы, барлығы заң алдында тең болуға тиіс. Бұл – Әділетті Қазақстанның мызғымас қағидаты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі заңның осы қағидатты іске асырудағы маңызды тетік болғанын айтты.

"Аталған заң аясында елге триллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Қазірдің өзінде осы қаржының жартысынан көбі халық игілігіне жұмсалды. Соның есебінен 450-ден астам маңызды әлеуметтік және коммуналдық нысан салынды", – деді Мемлекет басшысы.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!