Тоқаев халықаралық ұйымдар мен жетекші шетелдік университеттердің басшыларымен өткен дөңгелек үстелге қатысты
© Сурет: akorda.kz
2026 жылғы 19 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ұйымдар мен жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының басшыларымен өткен дөңгелек үстелге қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл жиын серіктестікті сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
"Бүгінде мұның маңызы арта түсті. Қазіргі геосаяси шиеленіс білім мен технология салаларына да әсер етіп отыр. Ғылыми ынтымақтастық қауіпсіздік тұрғысынан қарастырыла бастады. Озық жетістіктерді ортақ игілік емес, бәсекелестік құралы ретінде қабылдау жиіледі. Бұған білім мен технология дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналған кезеңде куә болып отырмыз. Жасанды интеллект, жаңа материалдар, энергетикалық және биотехнологиялар экономиканы, еңбек нарығын, сондай-ақ білім беру жүйесін өзгертіп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент білімнің жаңа бағыттарын игеруге, білікті маман даярлауға және ғылыми идеяларды технологияға айналдыруға қабілетті елдер ғана табысқа жете алатынына назар аударды.
"Біз елімізді халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі әрі түрлі өңірлерді байланыстыратын көпір ретінде таныта алдық. Адам капиталын дамыту, білім-ғылымды және инновацияны ілгерілету – ұлттық стратегиямыздың негізгі бағыттары. Тағы да атап өткім келеді, бұл басымдықтар еліміздің тарихында алғаш рет Конституциямызда мемлекеттің стратегиялық мақсаттары ретінде бекітілді. Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауымда технологиялық жаңаруды жеделдету, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ азаматтарымызды жаңа цифрлық экономикаға бейімдеу қажеттігіне баса мән бердім. Бұл мақсатқа қол жеткізу жекелеген бастамаларды емес, керісінше мемлекеттің, университеттер мен бизнестің дәйекті әрі үйлесімді әрекет етуін талап етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен әріптестік орнатуға қашанда дайын екенін айтты.
"Өздеріңіз көріп отырғандай, жұмыстың бастапқы кезеңі аяқталды. Қажетті инфрақұрылым жасалды, серіктестік келісімдер ресми түрде ресімделді және көп ұзамай шетелдік университеттердің филиалдары жұмысқа толық кіріседі. Ендігі қадам – экономикамызға қажетті бірлескен зерттеулер жүргізу, жаңа технологиялар әзірлеу және нақты шешімдер енгізу арқылы ынтымақтастығымыздың мазмұнын байыту", – деді Президент.
Осы орайда Мемлекет басшысы ықпалдастықтың басым бағыттарына тоқталды.
"Әуелгі кезекте – су қауіпсіздігі. Бұл – Орталық Азия үшін экономикалық және әлеуметтік тұрақтылық мәселесі. Тіпті мұны тіршілік үшін күрес мәселесі дер едім. Трансшекаралық өзендерді басқару, заманауи мониторинг жүйесін құру, су үнемдеу технологияларын енгізу және ғылыми тұрғыдан негізделген су дипломатиясын дамыту түрлі елдердің сарапшылық әлеуетін біріктіруді қажет етеді. Осы ретте Біріккен Ұлттар Ұйымы университетінің тәжірибесі мен мүмкіндіктеріне арқа сүйейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
16:20, 19 қараша 2026
Қамауға алынған «Самұрық-Қазына» басшысы Су спорты түрлері федерациясының президенті болып қала береді
-
16:11, 19 қараша 2026
Мемлекет басшысы білікті инженерлер мен жасанды интеллект мамандарын даярлаудың маңызын атап өтті
-
16:01, 19 қараша 2026
Қазақстанда атом нысандарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар бекітілді
-
15:51, 19 қараша 2026
Қазақстанда электромобильдерді қуаттау станцияларының көрсеткіштері қалай тексеріледі
-
15:46, 19 қараша 2026
Таразда кеңес жауынгерлеріне арналған мемориалды бүлдіргендер іздестіріліп жатыр





